Венгрия премьер-министрі сайлау жасын 16 жасқа дейін төмендетуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр азаматтарға 16 жастан дауыс беру құқығын беруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл норманы алдағы бір жыл ішінде әзірленетін жаңа Конституцияға енгізуге болады.
Петер Мадьяр бұл бастама туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
– Саясат пен қоғамдық өмірге қатысудың қайтадан «сәнге» айналып, жастар үшін тартымды болғанына қуаныштымын. Жастар қоғамдағы ортақ мәселелердің шешіміне өздерінің де ықпал ете алатынын сезіне бастады. Меніңше, бүгінде 18 жасқа толмаған жастардың басым бөлігі ұжымдық шешімдер қабылдауға қатысу үшін жеткілікті деңгейде ақпараттанған әрі дайын. Сондықтан конституциялық реформа аясында сайлау жасын 16 жасқа дейін төмендетуді қолдаймын, – деп жазды Петер Мадьяр.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары бір жыл ішінде жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Венгрия парламенті Конституцияға президентті қызметінен шеттетуге қатысты түзетуді мақұлдаған болатын.