Мажарстан–Словения матчы мажар еліндегі ең көп қаралған спорттық трансляция болды

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі футбол маусымы енді ғана басталғанына қарамастан, Мажарстанның қоғамдық спорт арнасы биылғы жылдың ең көп қаралған спорттық трансляциясын көрсетті. Мажарстан мен Словения құрамалары арасындағы жолдастық матчты теледидар арқылы 1 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Бұл туралы мажарстандық MTVA ақпарат агенттігі жазды.

Венгрия – Словения матчы Венгриядағы ең көп қаралған спорттық трансляция болды
Фото: sportbox.ru

Gemius Prism зерттеу деректеріне сәйкес, матчтың алғашқы таймын шамамен 460 мың адам көрсе, екінші таймды 587 мың көрермен тамашалаған. Сонымен қатар m4sport.hu және Médiaklik онлайн платформаларында да қызығушылық жоғары болған. Жалпы қаралым саны ширек миллионға жуықтаған.

Матч бойындағы орташа көрсеткіштерді есептегенде, трансляция кезінде M4 Sport арнасы ең көп қаралған телеарна атанды.

Сенбі күні Мажарстан ұлттық құрамасы Словенияға қарсы жолдастық кездесу өткізді. Ойын тартысты әрі тең дәрежеде өтті. Мажарстан командасы бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырып, жалпы ойын барысында белсендірек көрінді. Ал словениялықтар негізінен қорғанысқа сүйеніп, қарсы шабуылдарға иек артты.

Кездесу 1:0 есебімен Мажарстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Жеңіс голын матчтың 79-минутында Саболч Шён соқты. Осылайша мажарлардың ұлттық құрамасы қараша айынан бергі үзілістен кейін сәтті оралып, сейсенбі күні өтетін Грекияға қарсы матч алдында үміт сыйлайтын ойын көрсетті.

Еске сала кетсек, Мажарстан мен Грекия арасындағы жолдастық матч 31 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де өтеді. Кездесу тікелей эфирде M4 Sport арнасынан көрсетіледі.

Ал Қазақстан мен Мажарстан құрамаларының жолдастық кездесуі өтетін орын өзгерді.

Алғашқыда аталған ойынды Түркістан қаласында өткізу жоспарланған еді. Қазақстан және Мажарстан футбол федерацияларының келісімімен енді ол Дебрецен қаласына ауыстырылды. Ойын 9 маусымда «Надьердеи» стадионында өтеді.

Айта кетейік, 25 наурыз күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада өтіп жатқан FIFA Series-2026 турниріндегі алғашқы ойынында Намибиямен кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті.