12:23, 18 Тамыз 2022 | GMT +5
Венгриядағы құрғақшылық елді сумен қамтамасыз ету жүйесіне әсер етуі мүмкін
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат – Венгрия елі 1901 жылдан бергі ең қатты құрғақшылыққа тап болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Kronen Zeitung басылымына сілтеме жасап.
Дунай өзенінің деңгейі кейінгі үш аптада 150 сантиметрге төмендеді. Венгрияның басқа да ірі өзендері – Тиса мен Ипельде де жағдай осыған ұқсас. Су көлемі рекордтық деңгейге дейін төмендеп, ал көптеген кішігірім көлдер тартылып қалған.
Венгриядағы ауызсу мөлшері Дунаймен қатар елдің екінші негізгі өзені саналатын Тисадағы су деңгейіне байланысты. Кейбір аймақтық сумен жабдықтау компаниялары қазірдің өзінде билікке су тапшылығы мен су қысымы төмендейтінін ескертіп жатыр.
Елдің су шаруашылығы бас басқармасының мәліметінше, жауын-шашын мөлшері екі есе азайған. Биылғы құрғақшылық әсіресе, Пушта аймағындағы шаруаларға қатты әсер етеді. Мұнда астық өндіру гектарына 2-4 тонна болады деген болжам бар, ал өткен жылы 4,5-5 тонна астық өнімі жиналған.