Ветеринария ғылымы жасанды интеллект көмегімен дамуы тиіс — Ақылбек Күрішбаев
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазір ветеринария ғылымы жаңа сын-қатерлерге бейімделіп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану арқылы дамуы тиіс.

Бұл туралы қазақ ветеринария ғылымының 120 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев айтты.
Ақылбек Күрішбаевтың сөзінше, ветеринария саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу диагностика дәлдігін арттырып, әрекет ету жылдамдығын жоғарылатады және ветеринарлық қызметтердің жұмысын оңтайландырады.

— Қазіргі ветеринария ғылымы жаңа сын-қатерлерге бейімделіп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану арқылы дамуы тиіс. Трансформацияның басты бағыттары: ветеринарлық құжаттаманы цифрландыру — барлық есептілікті электрондық форматқа көшіру, бюрократияны азайту, деректерді қорғау үшін блокчейнді енгізу. IoT құрылғылары автоматтандыру, бақылау және басқару салаларында жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Сондықтан эпизоотиялық жағдайды бақылап, аурулардың өршуін болжау үшін қажет. Диагностика мен профилактикада жасанды интеллекті қолдану керек, — деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Спикер еліміздің барлық облысында мал шаруашылығын ветеринарлық қамтамасыз ету және эпизоотиялық ахуал мәселесі бар екенін атап өтті.
— Ветеринария институты жергілікті ғылыми ұйымдар мен облыстық ветеринариялық мекемелерге қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсете отырып, бұл мәселені шешуге барынша белсенді қатысуы керек деп есептеймін, — деді ол.

Айта кетейік, конференцияға Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа, Беларусь, Грузия, Тәжікстан елдерінің жетекші ғылыми ұйымдардың ғалымдары мен мамандары қатысып жатыр.
Осыған дейін Мәжілісте жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыны «ЖИ» таңбасымен жариялау мәселесі пысықталып жатқаны туралы жазған едік.