Ветеринария саласына салиқалы реформа жасайтын кез келді

e="float: left;" src="http://www.inform.kz/fotoarticles/20101112203824.jpg" alt="Ветеринария" width="150" height="100" />АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Үкіметтің осы аптадағы мәжілісі еліміздің ветеринария саласында қордаланып қалған түйткілді мәселелерге арналды. Астана мен Өскемен арасын жалғаған бейне режімдегі селекторлық кеңесте бір кездері дүркіреп тұрған, алайда тоқсаныншы жылдардың ішіндегі тоқыраудың салдарынан бүгінде көп кенжелеп қалған саланың бойына қан жүгірту тетіктері қарастырылды.

Ветеринария саласына салиқалы реформа жасайтын кез келді

Бірден айтайық, Үкімет проблеманы ветеринария саласында мемлекеттік монополия орнату арқылы шешуді көздеп отыр. «Біз ветеринария туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізуді жөн санап отырмыз. 2011 жылдың 1 ақпанына дейін енгізілетін өзгерістер екі бағытты қамтиды. Біріншісі - аудандық деңгейде міндетті түрде ветеринариялық стансаларды құру қажет. Екіншісі - ветеринариялық қызмет көрсету саласына мемлекеттік монополия орнату керек»,- деді Өскеменнен сөз алған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев. Айта кетейік, селекторлық кеңеске Ө. Шөкеев пен Ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Өскеменнен қосылды. Олар соның алдында ғана шығыстағы мал шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған республикалық деңгейдегі үлкен семинарға қатысқан болатын.

Расында да «басынан бағы ұшқан» ветеринария саласына күрделі реформа жүргізу заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Жиырма бірінші ғасырда индустриялық жолмен дамуды қалап отырған Қазақстан діттеген міндетті бағындыруы үшін ауылшаруашылығы саласын өркендетуді негізгі басымдықтардың қатарына шығарды. Тиісінше салаға қыруар қаржы бөлуде. Алайда соған қарамастан, ветеринария саласында түйткілді мәселелер жетіп артылады. Айталық, қазіргі таңда еліміз астық пен ұнды экспорттауда бәлендей проблемаға тап болып отырған жоқ, ал етті экспортауға келгенде қиыншылықтар көлденең шыға береді. Қазақстанда өндірілетін ет пен ет өнімдерін басқасын айтпағанда, іргемізде тұрған алып нарық Ресейдің өзі сатып алғысы келмейді. Алған күннің өзінде асқан сақтық танытып, таудай талаптар қойып жатқаны. Бұның негізгі себептерінің бірі - біздің етіміздің ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай келмейтіндігі. Ал бұл проблеманы қазбаласақ, ол еліміздегі ветеринария саласында қордаланып қалған мәселелерге келіп тіреледі. Ондай проблемалардың қатарына - ауылды жерлерде мал дәрігері мамандарының жеткіліксіздігін, тіпті кейбір елді мекендерде жоқтығын, мал соятын орындардың аздығын, істеп тұрғандарының көпшілігінің тиісті талаптарға жауап бермейтінін, тиісті деңгейде бақылаудың жоқтығынан кейбір өңірлерде ара-тұра малдан жұғатын індеттердің орын алуын және т. б. жатқызуға болады.

Селекторлдық кеңесте Ө. Шөкеев бүкіл ветеринариялық бақылау жүйесін түбегейлі өзгертетін уақыт келгенін атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл үшін ең алдымен бақылау құрылымын оңтайландырып, әрбір ауылды мал дәрігерлерімен қамтамасыз етіп, қазіргі ебедейсіз және теңгерімсіз жүйеден бас тарту қажет. «Кадрларға қатысты айтатын болсақ, ветеринария саласындағы жас мамандардың ауылда жұмыс істеуге ынтасын арттыру тетігін ойластыру қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес, проблемалар бар. Алайда оларды шешу көп қаржыны қажет етпейді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, вете­ринария саласын дұрыс жолға қою үшін алдағы 3 жылда 61 млрд. теңгеге жуық қаржы қажет. Яғни бұл мақсатқа алдағы көрсетілген кезеңде республикалық бюджеттен 33 млрд. теңгедей, ал жергілікті бюджеттерден 28 млрд. теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр.

Кадр мәселесі демекші, еліміздегі мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі еліміздің өңірлеріндегі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп отыр. Алысқа бармай-ақ бұған мысал ретінде биыл жазда Павлодар және Алматы обылыстарында болған оқиғаларды келтіруге болады. Есте болса, биыл маусым-шілде айларында Павлодар облысының Ребровка және Қаракөл ауылдары және Алматы облысындағы Қазатком ауылы карантинге жабылған болатын. Басты себеп - бұл жерлерде адамдар арасында сиырдан жұғатын қарасан індеті тіркелген-ді. Өкінішке қарай, бұл оқиғаның салдары Павлодар обылысында жұқтырылған індеттен бірнеше адамның көз жұмуымен аяқталды. Үкіметтік деңгейде алынған шаралардың нәтижесінде ғана індет ошағының таралуына жол берілмеді.

Кейін белгілі болғанындай Павлодар облысында мүйізді ірі қарада қарасан індетінің пайда болуына Жолқұдық ауылдық округінің ветеринарлық дәрігеріне ескертпестен, адамдардың малдарды елді мекеннен тысқары жерлерде бақылаусыз жаю оқиғасы себеп болған. Яғни зертханалық зерттеулердің нәтижесінде малдардың қарасан індетімен ауырғаны және одан кейін адамдарға жұғу фактісі расталды. Бұған қоса қарасан ауруы оқиғасының шығуына жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы кемшіліктер де ықпал еткен. «Егер аталмыш елді мекендерде мал ветеринарлық испекторлардың қадағалауымен ветеринария талаптарына сәйкес сойылған болса, онда мұндай жағдай орын алмаған болар еді. Әдетте, талап бойынша мал ветеринарлық дәрігердің қадағалауымен сойылады, яғни малды соймастан бұрын және сойғаннан кейін медициналық тексеру жүргізіледі. Осындай қадағалаудың және қорытындының негізінде ветеринарлық құжат беріледі. Аталмыш ауылдық округте бұндай жұмыс жолға қойылғанда, мұндай жағдай болмас еді. Павлодар облысы әкімдігінің және Мемлекеттік инспекция комитетінің келісімі бойынша, Жолқұдық округіндегі Алғабас ауылында мал соятын алаңның құрылысын салу жоспарланған болатын. Алайда, қазіргі уақытта мұндай алаң салынған жоқ. Ең жақын мал соятын алаң 50 шақырым жердегі Ақсу қаласында. Осы қиындықтар осындай ауыр салдарға әкеліп отыр», деген болатын 22 маусымда Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов.

Қарап отырсақ, бұндай оқиғалардың шығуына кадрлардың жеткіліксіздігі немесе кейде кадрлардың біліксіздігі себеп болып жатады. Бұдан ветеринария саласының қазіргі жай-күйінің қандай халде екенін аңғару қиын емес.

Ауылдық елді мекендерге мал дәрігерлері мамандарының қаншалықты қажет екендігін төмендегі деректерден білуге болады. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, жалпы, қазіргі күні елімізде бар 7 066 ауылдық елді мекеннің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Ал қалған ауылдық елдімекендердегі бір мал дәрігері маманына түсетін жүктеме бекітілген нормативтен әлдеқайда асып түседі. «Мойындау қажет, мұндай жағдай министрліктің агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитеті ветеринарлық инспекциясының қызметі тиісті деңгейде еместігін көрсетеді. Бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру кезінде Инспекция тарапынан принциптілік пен қатаңдықтың жоқтығы құқықтық нигилизмге, ветеринариялық құжаттарды параға сатып алушылықтың және қолдан жасаушылықтың өркендеуіне алып келді. Осының барлығы сайып келгенде жекелеген өңірлердегі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына әкелді, бұл өз кезегінде қайғылы жағдайларға да әкеп соқты. Оған Павлодар обылысындағы адамдардың өлімі мысал бола алады», - деді министр.

Министрдің айтуынша,мал дәрігерлік білім алған студенттердің төрттен бірі ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады, олардың көбісі қалаларда жұмысқа тұрады, ауылды жерлерге бірең-сараңы ғана барады. Осылайша, жергілікті жерлерде мал дәрігерлік мамандардың жетіспеуі өзекті мәселе күйінде қалуда және бұл жалпы ветеринариялық қызметтің тиімсіз жұмыс істеуінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Осы орайда А. Күрішбаев еліміздің мал дәрігері мамандарын әлеуметтік сала қызметкерлеріне теңестіру туралы ұсыныс жасады. «Бүгінгі таңда біз мал дәрігері мамандарын әлеуметтік сала қызметкерлеріне теңестіруді ұсынып отырмыз. Осы мақсатқа жыл сайын 200 млн. теңге бөліп отыру қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, «Ветеринария туралы» заңның талап­та­рын орындау ісінде жергілікті жер­лерде әлі де олқылықтар жеткілікті. Со­ның ең бастысы жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтерін кадрлармен қамтамасыз ету үдерісі әлі күнге дейін шешілмеген. Бүгінгі күні елімізде штаттық қыз­меттің 13 пайызы мамандардың жоқ­тығынан бос тұр. Мұның өзі жергілікті жерлердегі аса қауіпті мал ауруларына қарсы ветери­нарлық-санитарлық іс-шараларды дер кезінде және сапалы жүргізуге кері әсер етуде.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар әрбір елді мекенде өлген малды көметін орындарды салу ісі де дұрыс жолға қойылмаған. Қазіргі таңда еліміздің әрбір төртінші елді мекенінде қандай да бір қатерлі індеттен өлген малдарды көметін орындар жоқ, ал барының өзін ұстап тұруға іс жүзінде қаржы бөлінбейді. «Біз еті сатуға арналған малдарды міндетті түрде арнайы кәсіпорындарда, мал соятын пунктерде және алаңдарда сою жөніндегі міндеттемені орындай алмай отырмыз. Жақындағы тексерулер көрсеткеніндей, пайдалануға берілген мал соятын орындардың 18 пайызы жұмыс істемейді, 2232 елді мекенде малды арнайы бекітілген жерлерден тасымалдау ұйымдастырылмаған», - дейді министр. Бұған қоса бекітілген талаптарға сәйкес, малдарды идентификациялау қамтамасыз етілмеген. Соның нәтижесінде барлық ірі-қара малды ветеринариялық шаралармен толық қамтуда бақылау болмай отыр.

Міне, ветеринария саласының қазіргі жай-күйі осындай. Сонда мұндай тығырықтан шығу үшін не істемек керек? А. Күрішбаевтың пікірінше, кадр мәселесін шешудің бір жолы - жергілікті атқарушы орган­дарда коммуналдық ветеринария­лық кәсіпорындарды құру қажет. Сонымен қатар Халықаралық эпизоо­тия­лық бюроның талаптарына сәй­кес, еліміздегі малдардың барлығы ветеринарлық-профилактикалық шараларға тартылуы қажет. Осы үшін әр жыл сайын екі рет мал қаны диагностикалық тексерулерден өтуі керек. Сонымен қатар, облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдық­тармен жабдықталған ветеринария­лық зертханалар болуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін осындай зертхана 11 облыс пен бір ауданда салынған. Жыл соңына дейін 8 ауданда ашы­луы тиіс. Ал жалпы келешекте осындай 106 зертхана салу және оларды құ­ралдармен жабдықтау міндеті қой­ылған.

Қалай десек те, күрмеуі күрделі ветеринария саласында «сілкініс туғызу» үшін алғашқы қадамдар жасалғандай. Енді көздеген мақсаттан таймай, жұмысты жүйелі істеу қажет. Себебі индустрияландыру бағдарламасының табысты орындалуы ауылшаруашылы саласын, соның ішінде мал шаруашылығын қарқынды дамытуымен тікелей байланысты. Қарапайым тілмен айтсақ, қазақ елі үшін мал шаруашылығы өмірлік маңызы зор мәселелердің бірі. Себебі қазақ ежелден алдындағы малымен бірге жусап, бірге өрген халық. Бір-бірін көптен көрмей, қауышқан ағайындар «мал-жан аман ба?» деп, амандық-саулықты алдымен малдың жайынан сұрасқан.

Заман қаншама өзгерді десек те, ауылдағы қараша қазақтың қазіргі кезде негізгі тіршілік көзі - осы мал шаруашылығы болып отыр. Қала халқын етпен, сүтпен, қала берді құрт-маймен де қамтамасыз етіп отырған ауыл азаматтары. Ет пен сүт, басқа да ауылшаруашылық өнімдері қазақстандықтар үшін келешекте де қажет. Жаратылысынан табиғи өнімдерді азық еткен біздің халық үшін жасанды тағамдарға бой үйрету қиын дүние. Мәселеге осы көзқарас тұрғысынан қарасақ, Үкіметтің ветеринария саласына күрделі реформа жүргізу жөніндегі қадамы құптарлық дүние.