Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша өңірлік басқармасы бастығының үстінен іс қозғалды - Сот
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау жөніндегі комитетіне жүктелер жұмыс ауқымды. Алматы қаласы Түрксіб аудандық прокуратурасы жүргізген тексеру барысында қалада ветеринарлық бақылауға қатысты көптеген заңбұзушылықтардың орын алғаны анықталды, деп хабарлады Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметінен.
«Қадағалаушы орган өкілдері өңірлік инспекция басшысы Жанат Қаспановты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін өз уақытында қарамаған, ветеринарлық қадағалау талапқа сай жүргізілмеген, мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер де көптеген құқықбұзушылықпен орындалған деп айып тағып отыр. Осыған байланысты, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша өңірлік басқармасының бастығы Ж.Қаспановтың үстінен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 680-бабына сай, іс қозғалды», делінген хабарламада.