Вьетнам бірқатар қылмыс үшін өлім жазасын алып тастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам келесі айдан бастап сегіз қылмыс, соның ішінде жымқыру және үкіметті құлатуға бағытталған әрекеттер үшін өлім жазасын алып тастайды, деп хабарлайды Reuters.

Вьетнам бірқатар қылмыс үшін өлім жазасын алып тастайды
Фото: Reuters

—Елдің заң шығарушы органы – Ұлттық ассамблея Қылмыстық кодекске қылмыс үшін өлім жазасын алып тастау туралы түзетуді бірауыздан мақұлдады, — делінген хабарламада.

Өлім жазасы қолданылмайтын басқа қылмыстар қатарына мемлекет мүлкін талан-таражға салу, жалған дәрі-дәрмек жасау, бейбітшілікке қауіп төндіру, басқыншылық соғыстар жүргізу, тыңшылық және есірткі саудасы жатады.

Бұл қылмыстар үшін ең жоғары жаза енді өмір бойына бас бостандығынан айыру болады. Осы қылмыстары үшін 1 шілдеге дейін өлім жазасына кесілген, бірақ әлі орындалмағандардың жазалары өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Вьетнамда өлім жазасы туралы деректер мемлекеттік құпия болып табылады және қазір елде қанша адамның өлім жазасына кесілгені белгісіз. 2011 жылы атып өлтіру жойылды, содан бері өлім жазасына кесудің жалғыз әдісі өлімге әкелетін инъекция болды.

Еске сала кетейік, СІМ Индонезияда өлім жазасына кесілуі мүмкін екі қазақстандыққа қатысты пікір білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар