Вьетнам ЕАЭО-ға ЖИ саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг Вьетнам мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Бұл бағытқа технологияларды реттеу тәсілдерімен алмасу, деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және бірлескен зерттеулер жүргізу кіреді.
Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Хо Куок Зунг форумның қазіргі тақырыбына жоғары баға беріп, оның қалыптасып жатқан жаһандық трендтер аясында аса өзекті екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні талқылау стратегиялық маңызға ие, себебі технологиялар мемлекеттік басқару мен ұлттық бәсекеге қабілеттің жаңа ресурсына айналып отыр.
— ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы қолданыстағы келісім екі тараптың экономикалық ынтымақтастығына берік негіз қалыптастырды. Бұл қазірдің өзінде жақсы нәтижелерге алып келді. Жаңа жағдайда біз қолда бар ынтымақтастық бағыттарын технология саласындағы жаңа бағыттармен толықтыруымыз қажет, — деді ол.
Вьетнам вице-премьерінің айтуынша, тараптар жасанды интеллектіні жауапты пайдалану саясаты, деректерді қорғау стандарттары және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибе алмаса алады.
Сонымен бірге, спикер «ақылды» ауыл шаруашылығы, урбанистика және көлік салаларындағы ЖИ зерттеулері мен әзірлемелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуді, сондай-ақ кибернетика мен информатика саласына маман даярлау үшін ғылыми-зерттеу орталықтары мен білім беру мекемелері арасындағы байланысты күшейтуді ұсынды.
— Жасанды интеллект дәуірі әлдеқашан басталып кетті. Бұл сын-қатерлер ғана емес, ынтымақтастықты дұрыс жолға қойып, дер кезінде шешім қабылдай алатын елдер үшін үлкен мүмкіндік те. Вьетнам ЕАЭО-ны осы бағыттағы сенімді серіктес ретінде қарастырады және екі тараптың мүддесіне сай ортақ жасанды интеллект кеңістігін қалыптастыруға мүдделі, — деді Хо Куок Зунг.