Вьетнамда «Кадзики» тайфунына байланысты шұғыл шаралар қолға алынды
АСТАНА. KAZINFORM - Вьетнам дүйсенбі күні соққан «Кадзики» супертайфунына байланысты шұғыл шаралар қабылдады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.

Жағалаудағы провинцияларда 587 мың адамды көшіру жоспары әзірленді. Кейбір аймақтарда 25 тамыз күні таңғы сағат 7:00-ден бастап тұрғындарға үйлерінен шығуға тыйым салынды.
Табиғи апат көлік қатынасын толықтай дерлік тоқтатты, әуежайлардың жұмысы тоқтап, пойыздар кешігіп жатыр, жолдарда қозғалыс шектелді. Балық аулаушылардың кемелеріне теңізге шығуға тыйым салынды.
Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар өңірде 150-250 мм, кей жерлерде 600 мм-ге дейін жауын-шашын болуы ықтимал. Жел екпіні сағатына 166 шақырымға жетеді. Дауыл құрлыққа тереңдей ене келе, біртіндеп әлсірейді.
Министрліктерге, провинциялардың әкімшілігіне және эвакуация жүргізу, бөгеттер мен су қоймаларын нығайту, байланыс желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Вьетнам Сыртқы істер министрлігі Қытай мен Филиппин елшіліктеріне вьетнамдық балықшылар мен дауылда құтқару үшін кемелерге көмек көрсету туралы нота жолдады.
Вьетнам халық армиясына жергілікті билікпен әрекеттесіп, қауіп жоғары аймақтарды анықтау және тұрғын үйлерді, мектептерді, инфрақұрылым нысандарын бекітуге көмектесу тапсырылды. Көшкіндер мен кенеттен болатын су тасқындары қаупі бар аудандарға халықты эвакуациялау үшін әскери бөлімшелердің сарбаздар жіберілді.
Қауіп-қатерге ауыл шаруашылығы да ұшырады. Нақтырақ айтқанда, шамамен 300 мың гектар күріш алқабы, 77 мың гектардан астам жеміс бағы және 57 мың гектар каучук плантациясына зиян келуі мүмкін.
Осыған дейін Тайваньде «Данас» тайфунынан 500-ден астам адам зардап шеккені туралы жаздық.