Вьетнам Қазақстан инвесторларының табысты қызметі үшін бар жағдай жасауға дайын – То Лам
АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға дейін Қазақстан мен Вьетнамның тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу үшін 3 негізгі бағыт бойынша байланыс нығайтылады. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам айтып берді.

− 1992 жылы Вьетнам мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап саясат, дипломатия, мәдениет, қоғам, ғылым мен техника салаларында елеулі табыстарға қол жеткіздік. Екіжақты және көпжақты қатынастар қарқынды дамып келеді. Алайда біздің елдер арасындағы экономикалық, сауда және инновациялық ынтымақтастық әлі де болса төмен деңгейде және қос тараптың әлеуеті мен қажеттіліктеріне сай келмей отыр. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 1 миллиард долларды құрады, ал жалпы инвестиция көлемі небәрі 5 миллион доллар шамасында ғана болған, − деді То Лам елордада өткен Қазақстан-Вьетнам іскерлік дөңгелек үстелінде.
Оның айтуынша, Вьетнам мен Қазақстанда инвестициялық және сауда ынтымақтастығын кеңейтуге қолайлы мүмкіндік көп. Біріншіден, екіжақты қатынастар нығая түсуде, әсіресе 2023 жылдың тамызында Қазақстан Президентінің Вьетнамға ресми сапары мен бүгінгі кездесуден кейін ілгерілеу бар.
− Екіншіден, екі тараптың да экономикасы ашық, экспорт маңызды рөл атқарады және халықаралық сауда принциптеріне бейімделе алады. Үшіншіден, екі ел де Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда келісіміне қатысады, бұл сауда-экономикалық байланысты тереңдетуге және тауар айналымын арттыруға қолайлы жағдай жасайды. Төртіншіден, екі тарап 2023–2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жеделдетуге бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды. Бесіншіден, Вьетнамның ірі әуе компаниялары, соның ішінде Vietjet Вьетнам мен Қазақстан арасында тікелей рейстер ашты, бұл біздің елдер арасындағы инвестициялық, сауда және туристік қызметті едәуір жеңілдетеді, − деді ол.
Сонымен бірге, Қазақстан Астанада халықаралық қаржы орталығын сәтті дамытып келеді, ал Вьетнам Хошиминде және Данангта осындай орталықтар құрып жатыр. Вьетнам бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесін қабылдауға мүдделі және Астана халықаралық қаржы орталығымен капитал нарығы, индекстер, жасыл қаржы және басқа да перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтқысы келеді.
− Вьетнам Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлін жоғары бағалайды және болашақта стратегиялық серіктестік орнатып, ынтымақтастықты дамытуға талпынады. Біз 2030 жылға дейін екіжақты тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу үшін 3 негізгі бағыт бойынша байланысты нығайтамыз. Сондай-ақ, екі елдің іскерлік қауымдастығын бар мүмкіндіктерді пайдаланып, қосылған құны жоғары өнімдерді жасауға және кеңейтуге, екі елді жаһандық нарықпен байланыстыруға шақырамын. Бүгін Вьетнамның көптеген жетекші компаниялары қатысып отыр, олармен Қазақстан мұнай мен газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, тоқыма өндірісі, химия өнеркәсібі сияқты салаларда ынтымақтаса алады, − деді То Нам.
Сондай-қ, Вьетнам партиясының хатшысы Қазақстанда өндірілетін былғары өнімдердің әлеуеті қор екенін, ал Вьетнам – аяқ киім өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы екенін баса айтты. Сондықтан вьетнамдық компаниялар бұл салаға инвестиция сала алады және бұл тауарлар Қазақстан нарығында ғана емес, Орталық Азияға, тіпті басқа елдер мен аймақтарға да экспорттала алады.
− Қазақстан аумағы жағынан әлемде 9-орында, Вьетнамнан сегіз есе үлкен, бірақ халқы небәрі 20 миллион. Ал Вьетнам аумағы шағын болса да, халқы 100 миллионнан асады, сондықтан бізде еңбек күші өте мол. Қазақстан пайдалы қазбаларға бай, бұл өзара ынтымақтастықты дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірге дамуымыз керек. Бұл екіжақты ынтымақтастық пен жалпы өркендеуді ілгерілету үшін пікір алмасуға жақсы мүмкіндік деп білемін. Екі елдің мемлекеттік органдары мен министрліктеріне инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру шараларын ашық талқылауды ұсынамын. Вьетнамның Коммунистік партиясы, Ұлттық жиналысы және үкіметі Қазақстан инвесторларының Вьетнамдағы табысты қызметі үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайын. Біз сіздердің табыстарыңызды өз жетістігіміз және мақтанышымыз деп білеміз, − деді Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы.