Вьетнам Қазақстанның қай салаларына қызығып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — «Kazakh Invest» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Қазақстан мен Вьетнам арасында қандай келісімшарттар орнағанын, Вьетнам кәсіпкерлерін қай салалар қызықтыратынын айтып берді.

− Бүгінгі форум бірнеше айға созылған келіссөздердің нәтижесі. Бұл келіссөздер Вьетнам бизнес қауымдастығы мен қазақстандық кәсіпкерлердің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен өтті. Сондай-ақ, бүгінгі форум толығымен вьетнамдық тарап есебінен ұйымдастырылды. Бұл да Вьетнам бизнесінің Қазақстанмен ынтымақтастыққа зор қызығушылығын көрсетеді, бүгін Вьетнамның 20-дан астам ірі компаниясы арнайы келді, − деді М. Сұлтанбек тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Вьетнам Қазақстан үшін инвестиция тарту мен ынтымақтастық орнатудың өте қызықты үлгісі болып отыр.
− Ел аумағы салыстырмалы түрде шағын болғанымен, Вьетнамның әлем елдерімен сауда айналымы өте жоғары, ЖІӨ көлемі де орасан. Олар көршілес елдермен, әсіресе Қытаймен тиімді қарым-қатынас орната алған. Қытайдың көптеген компаниялары өндірістерін Вьетнам аумағында ашқан. Соның арқасында Вьетнамның жылдық сауда айналымы жүздеген миллиард долларды құрайды. Демек Вьетнамнан үйренетініміз көп, − деді спикер.
Қазіргі таңда екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың бірі — вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air әуе компаниясының акцияларын сатып алуы. Бұл жоба іс жүзінде аяқталуға жақын.
Оған қоса, Алматы облысындағы туризм саласына қатысты жоба және Mareven Food компаниясымен бірлескен тамақ өнеркәсібі саласындағы жоба бар.
Сонымен бірге, Вьетнамның мұнай-газ секторында жұмыс істейтін компаниялары үлкен қызығушылық танытып отыр. Олар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
− Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан суармалы және егістік жерлердің көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Бұл шын мәнінде, өте үлкен артықшылық. Қазақстан топырағының құрамында химиялық заттардың аз болуымен ерекшеленеді, яғни жеріміз экологиялық тұрғыда таза. Сондықтан біздің елде өндірілетін азық-түлік өнімдері де экологиялық таза өнім ретінде танылуы мүмкін. Ал бұл қазіргі нарықта жоғары бағаланады және біз мұндай өнім үшін қосымша баға сұрай аламыз. Тұтынушылар мұндай сапа үшін төлеуге дайын, − деді Мадияр Сұлтанбек.
Айта кетейік, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жетті.
Бұған дейін вьетнамдық инвестордың Qazaq Air әуе компаниясының атауын өзгерткені хабарланған еді. Енді Qazaq Air VietJet Kazakhstan атуымен жұмыс істемек.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстан мен Вьетнам ынтымқтастығының үш перспективалық бағытын айтты.