Вьетнамда туристерге тропикалық жемістен ерекше тағамдар ұсынылады

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамда дуриан өсіретін үш елдің аспазы гастрономиялық туризмнің бір бөлігіне айналатын ерекше тағамдар әзірледі. Жаңа рецептерді Даклак провинциясында өтетін дуриан фестивалі кезінде қонақтарға таныстыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды TV BRICS.

Вьетнамда туристерге тропикалық жемістен ерекше тағамдар ұсынылады
Фото: TV BRICS

Вьетнам, Таиланд және Малайзияның бас аспаздары Даклак провинциясында өткен гастрономиялық шоуда бас қосып, дурианды заманауи аспаздықта пайдаланудың жаңа тәсілдерін көрсетті. Олар жергілікті дуриан сұрпын өз елдерінің аспаздық дәстүрлерімен үйлестіріп, авторлық 7 тағам әзірледі. Мәзірге тіскебасарлар, негізгі тағамдар мен десерттер енгізілді.

Таныстырылымнан кейін рецепттер жетілдіріліп, провинциядағы мейрамханаларға, қонақүйлерге және қоғамдық тамақтану орындарына беріледі. Олар дуриан жинау маусымы мен 15 тамыз-2 қыркүйек аралығында өтетін Даклактағы дуриан фестивалі кезінде кеңінен қолданылмақ.

Өңір билігі фестиваль фермерлердің, кәсіпкерлердің, ғалымдардың, мемлекеттік құрылымдар мен туризм саласы өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді деп күтеді. Сондай-ақ жоба ауыл шаруашылығы мен туризмнің дамуына серпін беріп, жергілікті өнімнің шетел нарығына шығуына мүмкіндік жасайды деген үміт бар.

Даклак провинциясының мәдениет, спорт және туризм департаменті директорының орынбасары Нгуен Куок Хиепнің айтуынша, ұлттық асхана мәдени дәстүрлерді сақтауға және өңірдің тарихын қонақтарға таныстыруға көмектеседі.

Оның сөзінше, дурианнан дайындалған әрбір тағам өңірдің құнарлы базальт топырағы, фермерлердің еңбегі, заманауи технологиялардың енгізілуі және жергілікті өнімнің халықаралық деңгейде танымал брендке айналу жолын баяндайды.

Фестиваль ұйымдастырушылары гастрономиялық шоуды бағдарламаның тұрақты бөлігіне айналдыруды көздеп отыр. Қатысушылар дурианның тағамдық құндылығы, оны өңдеудің заманауи технологиялары және өнімнің қосылған құнын арттыру жолдары туралы көбірек біле алады. Жоба авторларының пікірінше, бұл жеміс ұлттық асхананың танымал ингредиенті ғана емес, Вьетнамның гастрономиялық көрікті орындарының біріне айналады.

Айта кетейік, Қазақстан туризм және қонақжайлық саласында Таиланд тәжірибесін меңгеруге ниетті.