VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 60-тан астам ел қатысатынын растады
АСТАНА. KAZINFORM – VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-нан астам елінің қатысуы күтіліп отыр. Қазіргі уақытта 60-тан астам мемлекет өз қатысуын ресми түрде растады, тағы 30 шақты ел келісу үдерісінде, деп хабарлайды Кабар агенттігі.
Бұл туралы Қырғызстанның мәдениет министрі Мирбек Мамбеталиев мәлім етті.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (World Nomad Games) халықаралық деңгейде жыл сайын үлкен қызығушылық тудырып келеді. Салыстыру үшін, Астанада өткен алдыңғы ойындарға шамамен 86 ел қатысып, халықаралық қатысу бойынша рекорд орнатқан еді.
Министр осы жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО қамқорлығына ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ойындардың халықаралық мәртебесі мен жаһандық деңгейдегі беделін арттыра түскен.
– Бұл – Қырғызстан үшін әлемдік аренада өзін танытып, көшпенді өркениеттің бай мұрасын көрсетуге берілетін мүмкіндік, – деді Мирбек Мамбеталиев.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда биылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар бұл іс-шараны жылдың ең ірі халықаралық этноспорттық оқиғаларының бірі болады деп күтіп отыр.
Еске сала кетсек, «Кабар» агенттігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының халықаралық ақпараттық серіктесі болып тағайындалды.
Бұған дейін 2026 жылғы көшпенділер ойындарының тұмары ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған.
Сондай-ақ Қырғызстанда елдің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының рухани әрі үйлестіруші орталығы ретіндегі мәртебесін заң жүзінде бекіту ұсынылып отыр.