Вице-министр Оралдағы кәсіпорындар жұмысымен танысты

ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 24 қаңтарда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібеков облысқа екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Вице-министр Оралдағы кәсіпорындар жұмысымен танысты

Ең алдымен «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ға ат басын тіреген вице-министр кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, болашақ бағыт-бағдарымен жан-жақты танысып, маман-қызметкерлермен пікірлесті. Бұрынғы «Металлист» зауыты базасында осыдан сегіз жыл бұрын құрылған аталмыш компания - мұнай-газ саласында аса қажетті жоғары технологиялы өнім түрлерін өндіруге қол жеткізген аймақтағы ең ірі кәсіпорынның бірі. Кездесу барысында «Батыс Қазақстан машина жасау» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әліби Ахметжанов итальяндық «Дженерал Электрик» фирмасымен арадағы келісімшарт аясында қолға алынған іс-шаралар туралы баяндап берді.

Бұдан соң вице-министр бастаған топ еліміздің индустриялық-инновациялық даму картасына енген жаңа жобаның бірімен жақынырақ танысты. Ыстықтай мырыштау цехы өткен жылғы желтоқсанда "Оралагрореммаш" АҚ-да пайдалануға берілген болатын. Кәсіпорын басшысы Ғимран Бисенов мәртебелі меймандарға жаңа цехтың технологиялық үдерісі туралы әңгімелеп, құрал-жабдықтарын көрсетті. Ыстықтай мырыштау цехының бастығы Николай Подолянның айтуынша, бас-аяғы екі айға да жетпейтін уақытта кәсіпорын жалпы құны 3 миллион теңгені құрайтын бірнеше тапсырысты ойдағыдай орындап шығыпты. Қазір мұнда алматылық «Монтажспецстрой» және жергілікті «Оралводстрой» ЖШС-ларының тапсырысын мерзімінде әрі сапалы аяқтау үшін ауысымына он адам жұмыстануда. Жуырда олар 18 миллион теңге тұратын жаңа тапсырысты орындауға кіріспек.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының облыста сәтті жүзеге асырылып отырғандығын атап өткен Нұрмұхамбет Қанапиұлы, әсіресе, ыстықтай мырыштау цехының жұмысын оң бағалап, оның өңірдің индустриялық-инновациялық дамуын жеделдететін маңызды жоба боларына ерекше тоқталды.

Вице-министрдің сапары ертең де жалғасады.