Видео түсіруге тыйым салынған орындар: Қазақстан заңнамасы не дейді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қоғамдық орындардың көбінде видеоға түсіруге рұқсат етілген. Көшеде, дүкенде, көлікте, тіпті полиция қызметкерімен сөйлескенде де камера қолдануға тыйым салынбайды. Алайда түсірілім жеке деректерге, жеке өмірге, медициналық құпияға немесе режимдік нысандарға қатысты болса, заң талабы басқаша. Kazinform заңнаманың осы тұстарына шолу ұсынады.
Түсіруге тыйым жоқ, жариялауға шектеу бар
Камераға түсіру талаптарын бір ауыз сөзбен осылай тұжырымдауға болады – түсіруге тыйым жоқ, жариялауға шектеу бар.
Конституцияның 20-бабы сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Бұл тармақты іс жүзінде адамның жеке мақсаттары үшін фото және видео жасау құқығы ретінде қарастыруға да болады. Сондықтан көшеде, сауда орталығында, дәмханада немесе кез келген өзге қоғамдық орында суретке немесе видеоға түсіруге ешкім тыйым сала алмайды.
Бірақ бұл ереже жеке меншік аумақта жүрмейді. Егер біреудің үйіне, жер теліміне немесе жабық кеңістікке кірсеңіз, иесі түсіруге тыйым салынғанын айтуға хақылы. Түсіруге болмайтынын алдын ала ескерткен болса, камераны қосуға хақыңыз жоқ. Ал ескерту болмағанына қарамастан, күзетші немесе меншік иесі камераны тартып алып, түсірілген суреті өшіруге немесе жад картасын шығарып алуға тырысса, бұл мүлікке заңсыз қол сұғу болып саналады.

Түсіруге тыйым жоқ деген ұғым оны жариялауға да тыйым жоқ деген сөз емес. Азаматтық кодекстің 145-бабы адамның бейнесін оның келісімінсіз жариялауға тыйым салады. Бірақ бұл талап бұқаралық іс-шаралардағы кадрларға, қызметтік міндетін атқарып жүрген лауазымды тұлғаларға немесе адам фотосуретті интернетке өзі жариялаған жағдайларға жүрмейді. Бұдан басқа жағдайдың бәрінде рұқсатсыз жариялаудың ақыры сотқа және моральдық зиянды өтеуге әкеп соқтыруы мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік құпиямен, арнайы операциялармен, экстремизмді, есірткіні, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттаумен байланысты контентке толық тыйым салынған.
Қарапайым адам камераны қай жерде пайдалана алады?
Көшеде, саябақтарда, аулаларда, көлікте және мемлекеттік мекемелердің маңында камера қолдануға рұқсат етілген. Арнайы режиммен жұмыс істемейтін ғимараттар мен ашық кеңістіктер де түсірілім тыйым салынған аумаққа жатпайды.
Дүкендерге, дәмханаларға, банктерге және сауда-ойын-сауық орталықтарына қатысты бөлек норма қолданылады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң бойынша, сатушылардың фото немесе видео түсіруге шектеу қоюға хақы жоқ. Яғни, көпшілік сауда орындары мен қызмет көрсету мекемелеріндегі «Түсіруге тыйым салынады» деген жазулардың заңдық күші жоқ. Қызметкер өзінің жүзін көрсетпеуді сұрай алады, бірақ тауарларды немесе ғимараттың өзін түсіруге тыйым сала алмайды.

Полиция қызметкерлерін түсіруге бола ма?
Ішкі істер министрлігі полиция әрекеттерін тіркеу заңды екенін бірнеше рет растаған. Қызметкерлердің өздері де төсбелгі-камерамен жазба жүргізуге міндетті. Сондықтан қарымта түсірілім – қалыпты тәжірибе. Ең бастысы, сіздің түсіру әрекетіңіз жалпы жұмысқа кедергі келтірмеу керек.
Дегенмен төтенше жағдайда немесе терроризмге қарсы операция кезінде түсірілімге шектеу қойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда құзырлы орган өкілінің камераны өшіруді талап етуі заңды болып есептеледі. Тіпті бас тартқан жағдайда күшпен тоқтата алады.
Ал заңға қайшы әрекет етіп жатқан адамды видеоға түсіруге тек рұқсат етіліп қана қоймайды, кей жағдайларда тіпті қажет те. Заң азаматтарға төбелес, ұрлық, көлік ұрлау әрекетін, жол қозғалысы ережелерін бұзу, лауазымды тұлғалардың дөрекілігі, өкілеттігін асыра пайдалану сияқты кез келген заңға қайшы әрекеттерді камераның көмегімен тіркеуге тыйым салмайды.
Мұндай кадрларды жариялау үшін немесе құқық қорғау органдарына беру үшін құқық бұзушының рұқсатын алудың қажеті жоқ. Өйткені адам қоғамдық орында заңсыз әрекет жасап жатқан сәтте жеке өмірінің қорғалуына үміт арта алмайды.
Нені түсіруге болмайды?
Ең алдымен арнайы режиммен жұмыс істейтін және стратегиялық нысандарды түсіруге болмайды. Басқаша айтсақ, мемлекеттік құпия сақтайтын кез келген мекемені түсіруге тыйым салынған. Әскери бөлімдер, ІІМ, ҰҚК ғимараттары осы тізімге жатады. Байланысты қамтамасыз ететін жекелеген инфрақұрылым нысандары да стратегиялық объект болып шығуы мүмкін. Мұндай тыйым салынған орынды анықтау қиын емес. Әдетте ондай нысанның кіре берісінде шлагбаум, өткізу бекеті және түсірілімге тыйым салынғаны туралы белгілер болады.
Әкімдік ғимаратында түсіруге бола ма деген сұраққа «мә» немесе «жоқ» деп кесіп айту мүмкін емес. Әр мемлекеттік органның өз ішкі регламенті бар, ол белгілі бір шектеулер енгізуі мүмкін. Режимдік нысан болмағанымен ғимарат әкімшілігі қызметтік құжаттардың бар екенін, құпия әңгіменің жазылып қалуы мүмкін екенін алға тартып, түсірілімге тыйым салуы мүмкін.

Сот және медициналық мекеме
Сот отырысы ашық өтіп жатқан болса, өзіңіз пайдалану үшін ғана судьяның рұқсатынсыз аудиожазба жасауға толық құқығыңыз бар.
Ал видео түсіріп, тікелей эфир өткізу үшін судьяның рұқсаты міндетті. Ал судья шешім қабылдау үшін міндетті түрде процеске қатысушылардың пікірін ескереді. Осы талаптарды сақтамай түсірілім жасадған жағдайда сотты құрметтемеу фактісі бойынша жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Оның үстіне мұндай жазбаны дәлел ретінде пайдалануға тыйым салынуы мүмкін.
Аурухана мен жедел жәрдем көліктерінде аудио, фото және видеотүсірілімге рұқсат бар. Бірақ бейнеге түскен адамның келісімінсіз жариялауға тыйым салынады. Мұнда тағы бірқатар нюанс бар. Дәрігерлік құпияны ұмытпау қажет. Нақтылап айтсақ, науқастың дәрігерге жүгіну фактісі, диагнозы және денсаулығы туралы мәліметтер құпия болып есептеледі және жариялауға тыйым салынған.
Осылайша түсірілген материалда адамның жүзімен қатар диагнозы немесе ем алу процесінің егжей-тегжейі көрініп тұрса, мұндай материалды жариялауға болмайды. Мысалы, қабылдау бөліміндегі жанжалды видеоға түсір аласыз. Бірақ зембілдегі науқастың жақындатып түсірген бейне, медицина қызметкерлерінің науқастың ауруын талқылап жатқан сәтін жариялау дәрігерлік құпия мен жеке деректер туралы заңды бұзу болып саналады.
Ал дәрігерге өзіңіз жүгінген болсаңыз, қабылдау процесін толық жазып алуға құқылысыз. Бірақ дәрігер сізден өзін түсірмеуді сұрауы мүмкін екенін ескеру керек. Ал дәрігердің ұсынымдарын екінші тараптың келісімін алмай-ақ аудиожазбаға алуға болады. Өйткені ұсынымдар сіздің денсаулығыңыз туралы болып жатыр.

Жеке кеңістік
Сіздің камераға түсіріп жатқаныңызды көрген адам әдетте алдымен сыпайы ескерту жасап, түсірмеуіңізді сұрайды. Бұл кезде «Қай заңның, қай бабына» сүйеніп мұндай талап қойып тұрғанын сұрауыңыз керек.
«Түсіруге болмайды деп тұрмын ғой» деген уәжбен ғана тоқтатқысы келсе, нақты заңның атауын, барын сұрауға хақыңыз бар. Өз қауіпсіздігіңіз үшін әрдайым және барлық жерде түсірілім жасауға болатынын есте сақтаңыз. Алайда оны жариялайтын кезде заңнамадағы тыйымдарды зерделеп алу керек.
Заң талаптарын сақтамай жариялау басыңызды дауға қалдырып қана қоймайды. Келісім алмай жариялағаныңыз үшін моральдік шығын өтеп қалуыңыз мүмкін.
Сот жариялаған материалды өшіруге міндеттеуі әбден мүмкін. Ал жарияланған материалда шағымданушының ар-намысына тию фактісі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша, жеке өмірге қол сұққаныңыз үшін 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы 11 796 000 теңге) айыппұл төлейсіз немесе бас бостандығыңыз 2 жылға дейін шектелуі мүмкін.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы көшелердің бірінде тақыр жердің үстіне асфальт төселіп жатқан видео тараған болатын.