VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кіру құны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1-6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары шараларына билеттердің бағасы белгіленді, деп хабарлайды Кабар.
Ойындар аясында көрермендер үшін ақылы және тегін іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қырчын шатқалындағы мәдени және спорттық шараларға, сондай-ақ Құрманжан Датқа атындағы Көшпенділер өркениеті орталығына кіру тегін болады.
Ш.Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында, «Дордой Номад» амфитеатрында және Чолпон-Ата қаласының ипподромында өтетін мәдени шараларға билет құны 500 сом (шамамен 2 632 теңге) болады.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанатына билеттер орын санатына қарай сатылады:
- орталық жасыл сектордағы орындар — 4 000 сом (шамамен 21 000 теңге);
- ақ сектордағы стандартты орындар — 3 000 сом (шамамен 15 750 теңге);
- қызыл сектордағы стандартты орындар — 2 000 сом (шамамен 10 500 теңге);
- сары сектордағы эконом санатындағы орындар — 1 000 сом (шамамен 5 250 теңге);
- көк сектордағы эконом санатындағы орындар — 500 сом (шамамен 2 625 теңге).
Сонымен қатар Чолпон-Ата қаласының ипподромына жақын орналасқан жаңа Кіші аренада өтетін көкпар мен көк-бөрі бойынша финалдық ойындарға билет құны 1 000 сом (шамамен 5 250 теңге) болады.
Ақылы шараларға билеттерді NEBS.GOV.KG ұлттық электронды билет жүйесі арқылы онлайн, сондай-ақ ресми кассалардан офлайн сатып алуға болады.
Осыған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Моңғолиядан 135 спортшы мен жаттықтырушы қатысатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған еді. Оған Батай деген есім берілді.
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрі мен көкпар жарыстары жеке-жеке спорттық дисциплина ретінде өткізіледі.
Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарына көрермендерді 300 автобус тегін жеткізетіні айтылды.