VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2028 жылы Татарстанда өтеді
БІШКЕК. KAZINFORM - VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2028 жылы Ресейдің Татарстан Республикасында өтеді. Бұл туралы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Садыр Жапаров өз сөзінде Ресейден 2028 жылы VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Татарстанда өткізуге дайын екені туралы ресми хат келгенін айтты.
-Бұл бастамасы үшін Ресей Президенті Владимир Владимирович Путинге алғысымды білдіремін. Қырғызстан бұл халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу үшін Ресей тарапына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді Қырғызстан Президенті.
Еске салайық, Қырғызстан астанасындағы жаңа «Бішкек Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатыр.
Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекет басшылары және Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін келген бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысуда.
Қазақстаннан 150-ден астам спортшы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың 20 түрінен бақ сынайды.