VII қысқы Азия ойындарына 40-тан астам елдің спортшылары қатысады - А.Қаримуллин
тардың 29-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын өткізуге Алматы қаласының дайындығына қатысты қоғамдық тыңдау өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы мен Алматы қаласы бойынша «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының дирекциясы» арасында келесі жылы өтетін аталмыш ойынды қолдау туралы Меморандумға қол қойылды.
«Азиаданы 2011 жылдың 30 қаңтарынан 6 ақпан аралығында өткізу жоспарланып отыр. Оған 40-тан астам елдің спортшылары қатысады. Қазіргі кезде аталмыш жарыстың бағдарламасы қабылданды. Оған шаңғы мен коньки жарысы, шайбалы хоккей, тағы басқа да 11 спорттық ойын түрлері кіреді.
Бүгінгі таңда қысқы Азия ойындары өтетін қалалардың ұйымдастырушылары спорт алаңдарын дайындау жұмыстарын толықтай жүргізуде», дейді «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Каримуллин.
Сонымен қатар, жиын аясында «Азиада-2011» жайлы қала тұрғындарын ақпараттандыруда белсенділік танытып жүрген журналистерді алғыс хаттармен марапаттау рәсімі өтті.