VIII Азаматтық форум қатысушылары қарар қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана азаматтық форумында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар секторын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, тиісті қарар қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумда үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мазмұндағы мәселелерді шешуде мемлекеттік органдардың сенімді серіктесі екені айтылып, осы тұрғыда азаматтық қоғам алдында тұрған мәселелерді шешу жолдары анықталып, ұсыныстар әзірледі.
Сонымен, VIII қалалық Азаматтық форумының қатысушылары Астана қаласындағы заманауи азаматтық қоғамның дамуы мен жағдайының өзекті мәселелерін зерделей келе бірауыздан төмендегідей шешім қабылдады:
1. Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің ықпалдастығының серпінді дамуына жаңа күш беретін, азаматтық қоғаммен бірлескен ынтымақтастықтың маңызын мойындау.
2. Азаматтардың әл-ауқатын және өмірлік сапасын жақсарту мақсатында азаматтық қоғамды әрі қарай дамытуға және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік бастамаларды іске асыруда қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу.
1) Аймақтық ерекшеліктерді есепке алып, ынтымақтастықтың инновациялық механизмдерін енгізу арқылы үкіметтік емес ұйымдар, мемлекет пен бизнестің серіктестігі жүйесін дамыту;
2) қоғамда әлеуметтік жауаптылық, тілектестік пен қоғам өміріне ортақтық сезімін өзекті ету мақсатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін кеңінен тарту құралдары мен механизмдерін жетілдіру;
3) Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруда қосымша интеллектуалды және ұйымдастырушылық ресурстарды тарту мақсатында қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың, бастамашылдардың әлеуетін пайдалануды жандандыру;
4) Үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес пен мемлекеттің сұхбат алаңдарында жыл сайын үш жақты ынтымақтастық мәселелерін қарауды мемлекеттік органдарға ұсыну;
5) Көрмеде ұсынылған әлеуметтік идеялар мен жобаларды әрі қарай нығайтып іске асыру үшін бизнес-құрылымдардың өкілдерін форумға тарту.
Сол сияқты Астана қаласы әкімдігіне де нақты ұсыныстар жасалды, атап айтқанда:
1) Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларының нәтижелілігін мониторингілеу және бағалау жүйесін іске асыруда нақты мақсатты топтар үшін практикалық нәтиже мен әлеуметтік әсерді ескеруді қарастыру;
2) Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тақырыбын қалыптастыру, гранттық қаржыландыру кезінде тұрғындардың қажеттіліктері мен талаптарын бағалау мәселелерін ескеру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар ұсыну туралы мәселені қарастыру;
4) Жергiлiктi мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының азаматтық сектордың өкiлдерiмен тұрақты кездесулерiн ұйымдастыруды және өткiзудi тәжірибеге ендіру;
5) Астана қаласының үкіметтік емес ұйымдары мен азаматтық қоғамға қолдау көрсететін азаматтық бастамаларды қолдау ресурстық орталығын құру туралы мәселені қарастыру;
6) Үш жылдық циклге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру мүмкіндігін қарастыру.
5. Азаматтық қоғамды дамыту туралы азаматтардың хабардар болуын арттыру мақсатында осы қаулыны баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға ұсыну.
Айта кетсек, бүгін Елордада «Азаматтық қоғам және мемлекет: ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік бастамаларды іске асыру аясындағы тиімді ынтымақтастық бағыттары» атты VIII қалалық Азаматтық форумы өтті.
Форумда барысында қала әкімі Б.Сұлтанов ҮЕҰ-дың маңызы мен әкімдіктің ұйыммен бірігіп атқарылған бірқатар жұмыстарын айтып өткен болатын.