«Випа» тайфунына байланысты Қытайдың оңтүстігінде жоғары дайындық режимі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань және Гуандун провинциялары «Випа» тайфуны Оңтүстік Қытай теңізіне енгеннен кейін жоғары дайындық режиміне көшірілді, деп хабарлайды Синьхуа.

Қазір тайфун салдарынан бұл аймақтарға қатты жел соғып, нөсер жаңбыр жауып жатыр.
Сенбі күні таңғы сағат 9:00–де Хайнань провинциясында су тасқыны мен тайфунға байланысты төртінші деңгейдегі төтенше әрекет ету режимі енгізілді. Ал Гуандун провинциясында таңғы сағат 11:00–де бұл режим төртінші деңгейден екінші деңгейге дейін көтерілді.
Хайнань провинциясының метеорологиялық қызметінің мәліметінше, сенбі күні таңғы сағат 8:00–де «Випа» тайфуны тропикалық дауылдан күшті тропикалық дауылға айналды. Оның эпицентрі Хайнань аралындағы Вэньчан қаласынан шамамен 930 шақырым шығыста, Оңтүстік Қытай теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.
Тайфун солтүстік-батыс бағытта сағатына 20 км жылдамдықпен жылжып келеді және барған сайын күшейіп жатыр. Ол Гуандун провинциясындағы Шэньчжэнь қаласынан бастап Хайнань аралындағы Вэньчан қаласына дейінгі жағалау аймақтарына жақындап келеді және жексенбі күні күндіз бен түн арасында құрлыққа жетуі мүмкін.
Сенбіден бастап 22 шілдеге дейін Хайнань провинциясының теңіз жағалауларында және құрлық бөлігінде қатты жаңбыр мен екпінді жел күтіледі. Сонымен қатар, Гуандун мен Хайнань провинцияларын бөліп тұрған Цюнчжоу бұғазында жексенбі мен 22 шілде аралығында кеме қатынасы уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Хайнань астанасы Хайкоу қаласында көшелерді су басуы ықтимал. Ал Гуандун провинциясы найзағай, дауылды жел және толқын көтерілуіне дайындық жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ Гуандунда арнайы құтқару кемелері, тікұшақтар, қуатты буксирлер және тазалау кемелері дайындықта тұр.
Еске сала кетейік, Қытайда тайфундарға қарсы төтенше әрекет ету жүйесі төрт деңгейден тұрады, оның ішінде бірінші деңгей — ең жоғары қауіп деңгейі.
Бұдан бұрын Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы (ҰМО) сенбі күні осы жылы алты рет тіркелген «Випха» тайфунына байланысты «сары» деңгейдегі дабылды ұзартты.