Вирустық гепатиттен қалай қорғануға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы жылдың жеті айында Астана қаласында жедел вирустық В гепатитінің 6 жағдайы және жедел вирустық С гепатитінің 14 жағдайы тіркелді. Осыған байланысты вирустық гепатитті жұқтыру қаупін қалай азайтуға болатыны туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева айтып берді.
Оның айтуынша, жедел вирустық В гепатитімен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,38 болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға төмен. Сонымен қатар 14 жасқа дейінгі балалар арасында бір ауру жағдайы тіркелген.
Ал жедел вирустық С гепатитімен 14 адам ауырған. Балалар арасында мұндай жағдайлар анықталмаған. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,89-ға жетіп, өткен жылғы деңгейден 1,4 есе жоғары болды.
– Вирустық В және С гепатиттері бауырды зақымдайтын қауіпті жұқпалы аурулар. Вирус ағзаға зақымданған тері немесе шырышты қабық арқылы енген кезде жұғады. Инфекцияның көзі – аурудың жедел немесе созылмалы түрімен ауыратын адам, сондай-ақ вирус тасымалдаушысы, – деді маман.
Сонымен қатар Жанна Пралиева жұқтыру көбінесе жұқтырылған қанмен байланыс кезінде, қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы, зарарсыздандырылмаған медициналық және косметологиялық құралдарды қолданғанда, санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда татуировка немесе пирсинг жасатқанда, ұстара, тіс щеткасы және басқа да жеке гигиена құралдарын ортақ пайдаланғанда, сондай-ақ босану кезінде анадан балаға берілетінін атап өтті.
Оның айтуынша, вирустық В және С гепатиттері көбіне еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында анықталады. Ауруға шалдыққандардың шамамен 64 пайызы 20-40 жас аралығындағы азаматтар. Бұл инфекцияның берілу жолдарының ерекшелігімен байланысты.
Сондай-ақ ол аурудың алғашқы кезеңдерінде ешқандай белгісіз өтуі мүмкін екенін еске салды. Әлсіздік, тез шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі, оң жақ қабырға астындағы ауырлық немесе ауырсыну, жүрек айну, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, тері мен көздің ақ қабығының сарғаюы, зәрдің қоюланып, нәжістің түссізденуі байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Жанна Пралиева В гепатитінің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцина салдыру. Қазақстанда екпелер Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында тегін жүргізіледі. Нәрестелер алғашқы дозаны өмірінің алғашқы тәулігінде алады, ал келесі дозалар екі және төрт айлық кезінде егіледі деді.
Сонымен қатар В гепатитіне қарсы вакцина инфекция ошағындағы байланыста болған адамдарға алдын ала тексеруден кейін, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне 0-1-6 айлық схема бойынша егіледі.
Қазіргі уақытта вирустық С гепатитіне қарсы вакцина жоқ. Сондықтан бұл аурудың алдын алуда арнайы емес профилактика шараларының маңызы ерекше.
Мамандар медициналық және косметологиялық қызметтерді тек лицензиясы бар ұйымдарда алуға, стерильді немесе бір рет қолданылатын құралдардың пайдаланылуын қадағалауға, кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтануға және тосқауылдық қорғаныс құралдарын қолдануға, өзгенің жеке гигиена заттарын пайдаланбауға кеңес береді. Ал медицина қызметкерлері инфекциялық қауіпсіздік талаптарын сақтап, В гепатитіне қарсы толық вакцинация курсынан өтуі тиіс.
Жанна Пралиева уақытылы вакцина салдыру, жеке бас гигиенасын сақтау, стерильді құралдарды пайдалану және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау вирустық гепатиттерді жұқтыру қаупін едәуір төмендетіп, аурудың ауыр асқынуларының алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін А гепатитінен қалай сақтану қажет екенін жазғанбыз.