Вице-министр: Ауылдық бюджеттердің өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыру қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері мен аудан, ауыл әкімдерінің жұмыс тәжірибесін талқылау бойынша Қоғамдық палатаның отырысы өтті, деп хабарлайды Экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі шаралар 2021 жылы қабылданған Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.
«Өткен жылдың басты реформаларының бірі 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдерінің пилоттық сайлауы болды. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жалғасуда. Барлығы ауыл әкімдерінің 93 пайызы (2176 ауыл әкімі) сайланды. Әлі де 169 ауыл әкімі сайланады. 2025 жылдан бастап барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері ғана сайланатын болады», — деп атап өтті вице-министр.
Б. Омарбековтың айтуынша, ең өзекті мәселе — ауыл бюджетінің кіріс көздерін кеңейту. Бюджеттің IV деңгейі енгізілген сәттен бастап (2018 жыл) түсімдер динамикасы 2 есеге ұлғайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша IV деңгейдегі бюджетке жоспар бойынша 308 млрд теңге іс жүзінде 320 млрд теңге түсті. Өзін-өзі қамтамасыз ету үлесі 21,2% құрады.
«Бірақ бұл ауылдарды дамыту үшін жеткіліксіз. Ауылдық бюджеттердің өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыру қажет. Ауылдық бюджеттердің кіріс көздерін кеңейту жұмыстары жалғасады. IV деңгейдегі меншікті кіріс 4 есеге артады деп күтілуде», — деп қосты ҰЭМ басшысының орынбасары.
Бұған қоса, ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру мен жұмсау тетігін қайта қарау қажеттілігі бар. 2018 жылдан бастап IV деңгейде жұмыс істейтін бюджеттік процестер жетілдіруді талап етеді. Ауылдық округтерге бюджетті бөлудің жаңа тетігі қарастырылуда, онда бюджеттік бағдарламаларды 17-ден 4-ке дейін ұлғайту көзделген.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауыл әкімдерінің беделін, құзыретін көтеру мәселесін көтергенін хабарлағанбыз.