Визасыз қайда баруға болады: Қазақстандықтар арасындағы танымал бағыттар
АСТАНА. KAZINFORM – Жаз мезгілінде қазақстандықтар жақын және алыс шет елдерге қонаққа немесе саяхаттауға жиі аттанады. Ел тұрғындары қай мемлекеттерге визасыз бара алады, ал қай елдерге сапарлау үшін визаның мақұлдануын күту қажет? Kazinform материалынан оқыңыз.
Сапар мақсатына қарай қазақстандықтар шет мемлекеттерге дипломатиялық паспортпен, қызметтік паспортпен немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспортымен бара алады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында ел азаматтарына паспорт түріне және жоспарланған сапар мерзіміне қарай виза талап етілмейтін елдердің тізімі жарияланған.
Әдеттегі паспорты бар қазақстандықтар Албания, Андорра, Антигуа және Барбуда, Грузия, Колумбия, Молдова, Моңғолия, Сан-Марино, Сент-Китс және Невис, Сент-Винсент және Гренадиндер, Тунис және Украинада визасыз 90 күнге дейін бола алады.
Армения мен Түркияға да визасыз баруға болады және бұл елдерде 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін болуға рұқсат етіледі. Яғни, жарты жылда аталған елдерден бірнеше рет шығып, қайта кіре аласыз, ал болған күндеріңіз жиынтық түрде есептеледі. Егер олардың саны 90 күнге жетсе, визасыз кіру мүмкіндігі тоқтатылады.
Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда да визасыз 180 күн ішінде 90 күнге дейін жүруге болады. Бірақ 30 күннен кейін жергілікті көші-қон органдарында тіркеуден өту талап етіледі.
Ресейге де визасыз баруға болады. Қазақстан азаматтарына бұл елде бір жыл ішінде 90 күнге дейін болуға рұқсат етілген. Алайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге оқу немесе еңбек қызметі мақсатында баратын шетел азаматтары үшін электрондық рұқсат жүйесі (RUID) енгізіледі.
Қазақстан азаматтары Доминикан Республикасында визасыз 60 күнге дейін бола алады.
Ал Аргентина, Бразилия, Вьетнам, Қатар, Қытай, Малайзия, Мальдив Республикасы, Марокко, Никарагуа, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Сейшел аралдары, Сербия, Таиланд, Филиппин және Эквадорға визасыз барып, 30 күнге дейін болуға мүмкіндік бар.
Оңтүстік Кореяда да визасыз 30 күнге дейін қыдыруға болады. Алайда ол үшін 2022 жылғы 1 сәуірден бастап енгізілген K-ETA электрондық кіру рұқсатын алдын ала рәсімдеу қажет.
Ал Черногорияға визасыз кіру мүмкіндігі тек 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығында ғана қолданылады. Осы кезеңде қазақстандықтар аталған елде 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
Гонконгта (ҚХР), Иранда және Макаода (ҚХР) визасыз 14 күнге дейін рұқсат бар. Ал Барбадоста визасыз жүру мерзімі – 28 күн.
Замбия, Индонезия (келген сәтте 30 күнге дейін) және Маврикийде визаны әуежайда рәсімдеуге болады.
Елге кіру үшін виза талап етілсе, оны сапарға шығардан 1-2 ай бұрын Қазақстандағы тиісті мемлекеттің елшілігіне немесе консулдығына жеке жүгіну арқылы, не сенімді туроператорлар арқылы алдын ала рәсімдеген жөн.
Кейбір елдердің елшіліктерінде виза рәсімдеу уақыты ұзаққа созылуы мүмкін, әсіресе шетелге шығатын туристер саны артқан кезеңдерде көп күтуге тура келеді. Сонымен бірге, әр мемлекеттің елшілігі виза беру тәртібін өз бетінше белгілейді: консулмен сұхбат өткізуі, алым мөлшері және қажетті құжаттар тізімі де әртүрлі болады.
Виза алғанша сапар үшін алдын ала төлем жасамаған дұрыс. Сондай-ақ нақты күндерге сатып алынған әуе билеті виза тезірек беріледі дегенді білдірмейді.
Егер сапар кезінде басқа елдер арқылы транзитпен өтсеңіз, ол мемлекеттерге транзиттік виза қажет пе және мерзімі қандай екені алдын ала нақтылау қажет.
Бұған дейін осы жазда қазақстандық отбасы үшін шетелдегі демалыстың қанша тұратынын талдап көрген едік.