Волейбол: Қазақстан чемпионатында «Жетісу» жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Жетісу» мерзімінен бұрын жартылай финалға жолдама алды. 

Волейбол: Қазақстан чемпионатында «Жетісу» жартылай финалға жолдама алды
Фото: instagram.com/ vc_zhetysu

Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері «Алматыны» 3:0 (25:21, 25:11, 25:6) есебімен ойсырата ұтты. Осылайша, қатарынан 14 матчта жеңіске жеткен талдықорғандықтар 70 ұпай жинап, жартылай финалға шықты.

Жартылай финалға алғашқы екі орынды иеленген қос команда бірден жолдама алатынын ескерсек, «Жетісудан» кейін «Берелдің» (Өскемен) мүмкіндігі молырақ. Өскемендіктер «Ақтөбені» (25:19, 25:20, 25:14) есебімен тізе бүктіріп, ұпай санын 64-ке жеткізді. Үшінші сатыдағы «Қуаныштың» 60 ұпайы бар. Алдағы екі ойында «Берелдің» жолдаманы уысынан шығара қоюы екіталай.

Үздік сегіздікке ілінген қалған алты команда тағы екі жолдаманы плей-офф кезеңінде сарапқа салады.

Дүйсенбі күні «Берел» - «Қарағанды», «Қуаныш» - «Алматы», «Ертіс» - «Грация KZ», «Тұран» - «Ақтөбе», «Жетісу» - «Ару-Астана» клубтары өзара кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Грация KZ» командасының «Алматыдан» айласын асырғанын жазған едік.

«Ару-Астана» тартысты ойында оралдық команданы жеңді.

Соңғы жаңалықтар