Волейбол: Қазақстанның әйелдер құрамасы халықаралық маусымға дайындығын бастады
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы биылғы халықаралық маусымға дайындығын бастап кетті.
Қазіргі таңда біздің команда Түркияның Анталья қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Волейбол федерациясының мәліметінше, Қазақстанның әйелдер құрамасы ағымдағы жылы бірқатар халықаралық жарыстарға қатысады. Атап айтқанда, олар шілденің 6-сы мен 11-і аралығында Алматыда өтетін ҚР Президентінің кубогы XVII халықаралық туниріне, қыркүйектің 19-26-сы күндері Қытайдың Тайсанг қаласында өтетін Азия кубогы жарысына, қазанның 29-ы мен қарашаның 14-і аралығында Жапонияда болатын Әлем чемпионатына, сондай-ақ қарашаның 12-28-і күндері Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтетін XVI Азия ойындарына қатысады.
Ал, XVIII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы ретінде «Жетісу» клубы маусымның 9-18-і күндері Тайландта өтетін «Тайланд ханшайымының кубогы» жарысына және маусымның 24-і мен шілденің 4-і аралығында Индонезияда болатын клубтық командалар арасындағы Азия чемпионатына қатысатын болады.