Волейбол: «Конденсат-Жайықмұнай» ел чемпионатында жеңіліссіз келеді
ОРАЛ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Хромтауда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ҚР ХХІІ чемпионаты бірінші турының ойындары мәреге жетті.
«Жайық» волейбол клубының директоры Шоқан Кеңесовтің хабарлағанындай, Оралдың «Конденсат-Жайықмұнай» командасы соңғы екі ойынында да жеңіске жетті. Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысын» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, «Таразды» 3:1 есебімен ұтты. Сөйтіп биылғы біріншілікте қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, әзірге жеңіліссіз келе жатқан батысқазақстандықтар 18 ұпаймен көш бастады. Өскемендіктер екінші, хромтаулықтар үшінші орында келеді.
Енді «Конденсат-Жайықмұнай» 7-11 қаңтар күндері Петропавлда «Есіл», «Атырау», «ТНК Казхром» командаларымен күш сынасады. Оралдағы беташар ойындарда Игорь Никольченконың шәкірттері бұл үш клубты да жеңген болатын.