Волейбол: Оралдың «Конденсаты» екінші тур жеңімпаздарының бірі атанды
ОРАЛ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары мәреге жетіп, онда Оралдың «Конденсаты» мен ел чемпионы «Алматы» жеңімпаз атанды.
Аталмыш турда Игорь Никольченко жаттықтыратын оралдықтар «Алматы», «Павлодар», «ШығысҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен), «Есіл» (Петропавл) командаларын ұтып, аса тартысты өткен матчтарда «Атырау» мен хромтаулықтарға 2:3 есебімен жол берді. Сөйтіп «Алматы» командасымен бірдей, 12 ұпайға қол жеткізді. Бірінші турда небәрі 8 ұпай жинаған «Конденсат» үшін бұл - жақсы жетістік. Жалпы, екінші турда жеңілмеген команда жоқ, бұл жүлделі орындар үшін бәсекенің тартысты болатындығын көрсетеді.
Екі турдан кейін 20 ұпай жинаған «Конденсат» үшінші орынға көтерілді. Көш басына 26 ұпаймен «Алматы» орнықса, одан бір ұпайы кем «Атырау» екінші орында келеді.
Үшінші тур ойындары жаңа жылда, 7-16 ақпанда Өскемен қаласында өтеді.