Волейбол: «Жетісу» командасы қатарынан 14 матчта жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында ХХХIV Қазақстан чемпионатында Талдықорғанның «Жетісу» командасы жеке-дара көш бастап келеді.
Талдықорған қаласындағы екінші турда жексенбі күні орталық матчта «Жетісу» мен «Қуаныш» (СҚО) командалары өзара мықтыны анықтады.
Алғашқы екі партияны Юрий Панченко жаттықтыратын солтүстікқазақстандықтар өз есебіне жазды – 25:23, 25:19. Алайда бұдан кейін сербиялық Марко Гршичтің шәкірттері өз алаңында жанкүйерлерді жерге қаратпай, камбэк жасай білді – 25:21, 25:23, 15:11. Қорытынды есеп – 3:2.
«Жетісу» сапындағы ресейлік легионер Мария Фролова ойын туралы өз пікірін білдірді.
- Бастапқы екі партия ойдағыдай болмады. Дегенмен екінші сеттің өзінде ұтатынымызға сендім. Содан кейін жинала біліп, командалық ойын нәтижесінде жеңіске жеттік. Бізді қолдаған жанкүйерлерімізге алғысымызды айтамыз, - деді М.Фролова.
Осылайша, қатарынан 14 кездесуін ұтыспен аяқтаған талдықорғандықтар ұпай санын 40-қа жеткізіп, жаңа маусымда да чемпиондықтан басты үміткер екендіктерін байқатты.
«Қуаныш» 36 ұпаймен екінші орында қалды. 2025 жылғы күміс жүлдегер «Берел» (Өскемен) 31 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» клубының жеңіс сериясын 9 матчқа жеткізгенін жазған едік.