Волейбол: «Жетісу» командасы «Қуанышты» жеңіп, көш басына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында ХХХIV Қазақстан чемпионатының бірінші туры аяқталды.

Волейбол: «Жетісу» командасы «Қуанышты» жеңіп, көш басына шықты
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Сейсенбі күні орталық кездесу биылғы ел чемпионы «Жетісу» (Талдықорған) мен қола жүлдегер «Қуаныш» (СҚО) арасында өтті.

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандық клубқа жаңа маусымда ресейлік тәжірибелі ойыншы Мария Фролова қосылды. 

Ал Юрий Панченко баптайтын «Қуаныштың» құрамын Сербияда өткен бір маусымнан кейін елге оралған Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Жарлығасова күшейтті.

Осыған дейін 18 ұпайдан жинаған «Қуаныш» пен «Жетісу» көш бастап келе жатқан еді. Дүйсенбі күні биылғы күміс жүлдегер «Берел» (Өскемен) командасын 3:0 (25:22, 25:22, 25:23) есебімен жеңген солтүстікқазақстандық қыздар жаңа маусымда жоғары орыннан дәмелі екендіктерін көрсетті.

Бүгін алғашқы партияда «Жетісу» 25:19 есебімен басым түсті. Содан соң екі сетті Ю.Панченко шәкірттері алды – 25:18, 25:18. Дегенмен талдықорғандықтар таразы басын теңестірді – 25:15. Шешуші, бесінші партияда «Қуаныш» 10:8 есебімен алда тұрғанымен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады – 12:15. Осылайша бес партия қорытындысы бойынша 3:2 есебімен «Жетісу» жеңіске жетті. 

Бұл жеңісінен кейін ел біріншілігінде талдықорғандықтар 20 ұпаймен жеке-дара көш бастады. «Қуаныш» (19 ұпай) екінші, «Берел» (14) үшінші орынға жайғасты. 

Бүгін сербиялық маман Владимир Васович жаттықтыратын өскемендіктер аса тартысты матчта «Қарағандыны» 3:2 (28:30, 25:20, 23:25, 25:9, 15:12) есебімен тізе бүктірді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар