Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастар құрамасы Кореяны жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді.

Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастар құрамасы Кореяны жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Сергей Трикоз жаттықтыратын қазақстандықтар кеше В тобында көш бастап келе жатқан командалардың бірі – Польшаға 0:3 (21:25, 21:25, 22:25) есе жіберген еді.

Бүгін Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен шешуші ойынын өткізді. Осыған дейін қазақстандықтар қоржынында 4 ұпай болса, оңтүстіккореялықтар (6 ұпай) алда тұрған еді.

Сондықтан қазақстандықтарға үш ұпай алу керек болатын.

Бірінші партияда оңтүстіккореялықтар 25:17 есебімен басымдылық танытты. Дегенмен бұдан кейін С.Трикоз шәкірттері қатарынан екі сетті алды – 25:23, 25:22.

Төртінші партия барысында Оңтүстік Корея командасы 13:9 есебімен алда тұрды.

Қазақстандықтар таразы басын теңестіре білді – 14:14. Сосын 18:15 есебімен алға шықты. Ақыры жеңіс нүктесін қойды – 25:22.

Қорытынды есеп – 3:1, Қазақстанның пайдасында. 

Осылайша, әлем чемпионатына өз тарихында алғаш рет қатысып жатқан қазақстандықтар өз тобынан үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты.

Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде қазақстандық жастар әлем чемпионатында үздік 16 команданың қатарына енді.

- Қазақстан жастар құрамасы шебер ойынымен мамандар мен жанкүйерлерді қуантып отыр. Енді плей-офф кезеңінде D тобында екінші орынға ие болған Франция құрамасымен ойнайды, - деді Kazinform тілшісіне Е.Сырлыбаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасының тарихи жеңіске ие болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар