Волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатында көшбасшы ауысты

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші турында көшбасшы ауысты. 

көшбасшы ауысты
Фото: olympic.kz

Сейсенбі күні орталық кездесу осыған дейін көш бастап келе жатқан «Қуаныш» (СҚО) пен өскемендік «Берел» арасында өтті.

Ұлттық лигаға биыл қосылғанына қарамастан, белгілі маман Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендік клуб белді ойыншылармен жасақталған болатын. Бұдан бұрын «Берел» командасы «Қуанышқа» 1:3 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы өскемендіктер 3:0 (25:22, 25:22, 25:23) есебімен жеңіп, 37 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Азамат Есімовтің шәкірттері 35 ұпаймен екінші сатыға ығысты. 

Тағы бір орталық кездесуде «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан) жолықты. Сана Анарқұлова бастаған түркістандық қыздар (бас бапкері Асқар Шалқыбеков) 7 ұпай айырмашылығымен алда тұрғанымен, бірінші партияда сол басымдылықты сақтай алмады – 23:25. Бұдан кейін сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері ойын тізгінін берген жоқ – 25:20, 26:24. Осылайша бұл екі команданың ұпайлары (28) теңесіп, доп айырмашылығы бойынша «Жетісу» үздік үштікке ілікті.

Бүгін «Қарағанды» командасы талдықорғандық «Айқаракөзден» 3:1 (25:18, 25:22, 20:25, 25:15) есебімен айласын асырып, турнир кестесінде 8-орынға көтерілді. Бұл - қарағандылықтардың қатарынан екінші жеңісі. «Айқаракөз» 9-орынға түсіп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Павлодарда волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар