Волейболдан Азия кубогы: Қазақстан құрамасы Аустралияны камбэкпен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Ахмедабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасында өтіп жатқан Азия кубогында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Бас бапкер Сергей Трикоз бұл жарысқа жаңартылған құрамды алып барған еді. Соның ішінде жастарды да сынап көруге бел байлаған.
А тобындағы екінші кездесуінде Қазақстан құрамасы Аустралияға қарсы келді.
Бастапқы екі партия аустралиялықтардың пайдасына шешілді — 25:15, 25:21.
Үшінші сетте Айбек Жақсылықов, Асылхан Ізбергенұлы, Антон Кузнецов, Азамат Сейілханов, Владислав Мастихин, Нұрлыбек Мақсат (байланыстырушы) шебер ойнай білді — 25:23.
Төртінші сет барысында В.Мастихин мен А.Ізбергенұлы эйспен де ерекшеленді — 26:24. Есеп 24:22 болған мезетте Аустралия құрамасы екі матчболын пайдалана алмады. Тосқауылға Клим Рюхов та сәтті қосыла білді.
Шешуші, бесінші партияда С. Трикоздың шәкірттері жеңісті жұлып алды — 16:14. Қорытынды есеп — 3:2.
Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы екі ұпайды алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия кубогында Қазақстан ерлер құрамасының қарсыластары анықталғанын жазған едік.
Волейболдан Азия кубогында Қазақстан құрамасы алаң иелеріне жол берді.