Волейболдан Азия кубогы: Қазақстан құрамасы тағы бір команданы камбэкпен ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Ахмедабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасындағы Азия кубогында Қазақстан құрамасы үшінші кездесуін өткізді.
Бұл жолы А тобында қазақстандықтар Қытайлық Тайбэй командасына қарсы келді.
Бас бапкер Сергей Трикоз бастапқыда Айбек Жақсылықов, Асылхан Ізбергенұлы, Антон Кузнецов, Азамат Сейілханов, Владислав Мастихин және Нұрлыбек Мақсатқа (байланыстырушы) сенім артты. Либеролар Муроджон Хавазматов пен Ислам Ассым алма-кезек алаңға кіріп отырды.
Тайбэйліктер матчты сәтті бастады — 25:20.
Екінші сетте Н.Мақсаттың орнына Нұрлыбек Нұрмахамбетов шықты. Қазақстандықтар тартысты партияны өз есебіне жазды — 26:24.
Үшінші партияда есеп 5:6 болған мезетте А.Жақсылықов доп беруде шеберлік танытып, қазақстандықтар алға кетті — 10:6. Бұдан кейін Н.Нұрмахамбетов пен А.Ізбергенұлы да допты сәтті қосып, оларды командаластары қолдай білді — 25:16.
Төртінші сетте қазақстандықтар есесін жіберген жоқ — 25:23.
Қорытынды есеп — 3:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы ұпай санын 5-ке жеткізіп, өз тобында үшінші орынға көтерілді.
С.Трикоздың шәкірттері 25 маусым күні фавориттердің бірі — Бахрейн командасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия кубогында Қазақстан құрамасының Аустралияны камбэкпен жеңгенін жазған едік.