Волейболдан ел чемпионаты: «Жетісу» командасы «Ақтөбе» мен «Жайықтан» басым түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Талдықорғанның «Жетісу» клубы волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХIV Қазақстан чемпионаты бірінші турының қорытындысы бойынша көш бастады.

Волейболдан ел чемпионаты: «Жетісу» командасы «Ақтөбе» мен «Жайықтан» басым түсті
Фото: видеодан алынған скрин

Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар маңызды екі кездесуін сәтті өткізді.

Кеше «Жетісу» командасы осыған дейін көш бастап келе жатқан биылғы күміс жүлдегер «Ақтөбені» (бас бапкері Сергей Трикоз) аса тартысты матчта тізе бүктірді. Бірінші сетте волейболда сирек кездесетін 40:38 есебі тіркелді. Содан кейін талдықорғандықтар дес берген жоқ – 25:22, 25:14. Қорытынды есеп – 3:0. Бұл алаң иелерінің жаңа маусымдағы алғашқы жеңілісі еді. 

Бүгін «Жетісу» клубы Қазақстан чемпионы, Виктор Козик баптайтын Оралдың «Жайығын» 3:0 (25:17, 25:18, 25:18) есебімен жеңді. Осылайша, 18 ұпай жинаған талдықорғандықтар ел біріншілігінде жеке-дара көш бастады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» командасының «Қуанышты» жеңіп, көш басына шыққанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар