Волейболдан ел чемпионатында «Берел» клубы қатарынан екінші рет жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары жалғасып жатыр. 

Волейбол
Фото: olympic.kz

Бұл жолы орталық ойын өскемендік «Берел» мен түркістандық «Тұран» арасында өтті. 

Осының алдында солтүстікқазақстандық «Қуаныштан» ұтылған өскемендіктер «Тұранға» 1:3 (21:25, 19:25, 27:25, 21:25) есебімен есе жіберді. «Алматы» «Алтайды» 3:0 (25:12, 25:21, 25:17) есебімен оңай жеңсе, «Жетісу» тағы бір талдықорғандық клуб – «Айқаракөзден» басым түсті – 3:0 (25:12, 25:9, 25:14).

«Қарағандыны» 3:0 (25:13, 25:14, 25:11) есебімен тізе бүктірген «Қуаныш» 41 ұпаймен көш бастап келеді. «Берел» 37 ұпаймен екінші орында. Алайда 34 ұпай жинаған «Алматы», «Жетісу» және «Тұран» командалары «Берелге» жақындап қалды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Қуаныштың» көш басына қайта көтерілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар