Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жетісу» мен «Қуаныш» клубы алтын жүлдеге таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы «Барыс арена» стадионында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде финалға шыққандар белгілі болды.

Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жетісу» мен «Қуаныш» клубы алтын жүлдеге таласады
Фото: «Жетісу» волейбол клубы

Алдымен өткен жылғы ел чемпионы, суперкубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан) командалары екінші жартылай финалдық кездесуін өткізді.

Кеше талдықорғандықтар 3:0 есебімен жеңген еді. Бұл жолы да сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері дес бермеді — 3:0 (25:16, 25:23, 25:19).

Ал екінші финалдық жолдаманы «Қуаныш» (СҚО) пен «Берел» (Өскемен) сарапқа салды. Кеше аса тартысты өткен ойында Юрий Панченко жаттықтыратын солтүстікқазақстандықтар жеңісті жұлып алған еді — 3:2. Бүгінгі матч «Қуанышқа» оңайырақ болды — 3:0 (25:12, 25:20, 25:19).

Осылайша, «Жетісу» мен «Қуаныш» алтын жүлдені сарапқа салады. Ал «Берел» мен «Тұран» үшінші орын үшін таласатын болады.

Сондай-ақ 5-8 орындар үшін тартысты бәсекеде «Астана» клубы «Алматыдан» басым түсті — 3:2 (19:25, 25:22, 22:25, 25:19, 15:12).

Қарағандылықтар «Ақтөбеден» айласын асырды — 3:1 (25:19, 16:25, 29:27, 25:23).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан финалдық кезеңде «Қуаныштың супер камбэкпен «Берелді» жеңгенін жазған болатынбыз