Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Қуаныш» ел чемпионы «Тұранды» ұтты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатының бірінші туры аясында «Қуаныш» (СҚО) пен «Тұран» (Түркістан) клубтары өзара кездесті.
Биыл Түркістанда наурыз айында өткен XXXII ел біріншілігінің жартылай финалында «Тұран» солтүстікқазақстандықтардан басым түсіп, кейін өз тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанған еді.
Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын «Тұран» құрамында да жаңа маусым қарсаңында ойыншылар ауысып, бірқатар өзгерістер болды. Атап айтқанда, команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова Сербияға кетті.
Бұл жолы «Қуаныш» (бас бапкері Азамат Есімов) 3:0 (25:16, 25:19, 25:17) есебімен басым түсіп, қарымта қайырғандай болды. Бірақ чемпионаттың бес турдан тұратынын ескерсек, жүлделі орындар үшін таласатын күндер әлі алда.
Бүгін сондай-ақ Өскеменнің «Берелі» көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:8, 25:14, 25:19) есебімен еш қиындықсыз жеңіп, 14 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. "Қуаныш" "Тұранды" ығыстырып, төртінші сатыға ілікті, екеуінің қоржынында да 9 ұпайдан бар.
Ертең «Ертіс» - «Ару-Астана», «Грация KZ» - «Алматы», «Жетісу» - «Қарағанды», «Қуаныш» - «Ақтөбе», «Берел» - «Тұран» командалары өзара сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Қарағанды» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.