Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Тараз» командасы финалға шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында «Тараз» клубы финалға шықты.

Кеше Андрей Патраковтың шәкірттері бастапқы жартылай финалдық кездесуде Юрий Лабецкий жаттықтыратын «Атырау» командасын 3:2 есебімен ұтқан еді.
Бүгін екінші ойын тараздықтарға әлдеқайда оңайға түсті – 3:0 (25:19, 25:21, 25:20).
Осылайша, екі жеңіске қол жеткізген «Тараз» енді чемпиондық атақ үшін таласады.

Екінші үміткер өткен жылғы ел чемпионы «Павлодар» мен «Есілдің» (СҚО) біреуі болмақ. Жеңілгені атыраулықтармен қола жүлде үшін ойнайды.
«Ақтөбені» 3:2 (22:25, 25:19, 25:19, 24:26, 15:12) есебімен тізе бүктірген «Жайық» (Орал) енді бесінші орын үшін алаңға шығады.
«Жетісу жастары» «Буревестникті» (Алматы) 3:1 (25:14, 25:22, 22:25, 25:23) қапы қалдырды. Кеше алматылықтар 3:2 есебімен басым түскендіктен, бұл бәсекеде есеп тең – 1:1. Сондықтан қос клуб ертең қосымша кездесу өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Павлодар» мен «Тараздың» жартылай финалда жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.