Волейболдан Қазақстан құрамасы Филиппиндегі жарыстың финалына жолдама алды
МАНИЛА. KAZINFORM - Филиппин астанасы Манила қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан «AVC шақыру кубогі» турнирінде Қазақстан құрамасы финалға жолдама алды.

Қазақстандық қыздар жартылай финалда алаң иелері – Филиппин командасымен сынға түсті.
Қазақстан құрамасы қарсыласын 3:0 (25:23, 25:21, 25:14) есебімен ұтты.
Екінші жартылай финалда Вьетнам командасы Аустралияны 3:0 (25:21, 25:19, 25:16) жолдан тайдырды.
Осылайша, Қазақстан мен Вьетнам соңғы бәсекеде «Сегіздік финалына» берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады. Топтық бәсекеде қазақстандықтар Вьетнам қыздарына 1:3 есебімен есе жіберген еді. Енді Ришат Гилязутдинов шәкірттерінің қарымта қайтаратындай мүмкіндігі бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан құрамасы Филиппиндегі турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.