Волейболдан ҚР чемпионаты: «Жетісу» қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ ҚР чемпионаты төртінші турының ойындары өтіп жатыр. 

волейбол
Фото: Pixabay

Бұл жолы орталық матч «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» (ШҚО) командалары арасында өтті.

Кеше «Жетісу» бесінші сатыдағы «Алматыны» жеңсе, «Берел» «Алтайдан» айласын асырған еді.

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» командасы бүгін де ширақ әрі шебер қимылдап, «Берелді» 3:0 (25:21, 28:26, 25:23) есебімен ұтты.

Осылайша, 46 ұпай жинаған «Жетісу» турнир кестесінде өскемендіктерді қуып жетіп, доп айырмасы бойынша үшінші орынға көтерілді.

Қарағандының «Ертісін» 3:0 (25:15, 25:17, 25:22) есебімен қапы қалдырған Түркістанның «Тұраны» 47 ұпаймен екінші сатыда тұр.

Солтүстікқазақстандық «Қуаныш» өз алаңында көш тізгінін ешкімге бере қоймас.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Қуаныштың» «Тұранды» ұтқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар