Волейболдан Орталық Азия чемпионаты: Непалды ұтқан Қазақстан бесінші орынды қанағат тұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкстанның Исламабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Орталық Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы соңғы кездесуін өткізді.
Бұған дейін Сергей Трикоз жаттықтыратын қазақстандық волейболшылар Непалды ғана ұтып, қалған төрт ойында жеңіліп қалған еді.
Барлығы алты команда қатысқан жарыста жартылай финалға шыға алмаған Қазақстан құрамасына 5-орын үшін Непалмен сынға түсуіне тура келді.
Бұл матч 3:0 (25:18, 27:25, 25:20) есебімен Қазақстанның пайдасына шешілді.
Осылайша, ел құрамасы бесінші орынды қанағат тұтты.
Аталмыш додада жүлделі орындарды Пәкстан, Өзбекстан, Бангладеш және Шри-Ланка құрамалары сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Орталық Азия чемпионатында Қазақстан тартысты ойында Бангладешке есе жібергенін жазған едік.