Volkswagen 88 жылдық тарихында алғаш рет Германиядағы зауытын жабады

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның ірі автомобиль концерні Volkswagen өзінің 88 жылдық тарихында алғаш рет Германия аумағындағы зауытын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Financial Times (FT) басылымы хабарлады, деп БЕЛТА жазды. 

Volkswagen 88 жылдық тарихында алғаш рет Германиядағы зауытын жабады
Фото: Unsplash

Дрезден қаласындағы зауытты жабу туралы шешім компанияның Қытай мен Еуропадағы сатылымдарының төмендеуіне байланысты туындаған қаржылық қиындықтармен байланысты. Сонымен қатар, АҚШ тарапынан енгізілген жоғары импорттық баж салығы да себептердің бірі ретінде аталды. Аталған зауыттың жабылуы Volkswagen-нің Германияда 35 мың жұмыс орнын қысқарту жөніндегі бағдарламасының бір бөлігі болып отыр.

Мәліметке сәйкес, зауыт 16 желтоқсанда жұмысын толық тоқтатады. Volkswagen өкілдері мұндай шешім қабылдау оңай болмағанын, «экономикалық тұрғыдан қажетті болғанын» мәлімдеді.

Дрездендегі өндіріс 2002 жылы іске қосылғаннан бері шамамен 200 мың автокөлік шығарған. Енді Volkswagen-ке тиесілі бұл аумақ Дрезден университетіне беріліп, онда жасанды интеллект чиптерін әзірлеуге арналған зерттеу кампусы құрылмақ.

Бұған дейін Volkswagen Қытайдағы зауытын жапқан еді.

Соңғы жаңалықтар