Volkswagen әлем бойынша 50 мыңға жуық жұмыс орнын қысқартпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Volkswagen концернінің бақылау кеңесі шығындарды азайтудың ауқымды бағдарламасын бірауыздан мақұлдап, алдағы жылдары әлем бойынша тағы 50 мыңға жуық жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Компанияның мәлімдеуінше, қызметкерлер санын азайту концернді трансформациялау бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет.
Сонымен қатар Volkswagen-нің Германиядағы Эмден, Цвиккау, Ганновер және Неккарзульм қалаларындағы төрт зауытының болашағы белгісіз болып отыр. Компания бұл кәсіпорындардың 2030 жылдан кейін өндірістік тапсырыстармен қамтамасыз етілетініне әзірге кепілдік жоқ екенін мәлімдеді.
– «Болашақ жоспары» Volkswagen концерні мен оның брендтерін тиімдірек әрі бәсекеге қабілетті етіп, ұзақ мерзімді дамуға бағыттауы тиіс. Бағдарламаны жүзеге асыру компанияның болашақтағы позициясын сақтау үшін қажетті шарт саналады, – делінген концерн мәлімдемесінде.
Volkswagen аталған төрт кәсіпорынды пайдаланудың балама нұсқаларын да қарастырып жатыр.
Концерн 2027 жылдың маусымына дейін Еуропадағы зауыттары үшін тұрақты әрі бәсекеге қабілетті жаңа өндірістік құрылым әзірлеуді жоспарлап отыр.
Компания басшылығы мен бақылау кеңесі шығындарды қысқарту және өндіріс құрылымын өзгерту Volkswagen-нің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Айта кетейік, Volkswagen Германиядағы төрт зауытын кезең-кезеңімен жабатын болды.