Volkswagen басшысы әлем бойынша 50 мыңға дейін жұмыс орны қысқартылатынын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Volkswagen Group компаниясының бас атқарушы директоры Оливер Блюме автоконцерн шығындарын азайтуға бағытталған ауқымды қайта құрылымдау аясында әлем бойынша қосымша 50 мыңға дейін жұмыс орнын қысқарту қажет деп санайды, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Компанияның ішкі желісінде жарияланған сұхбатында Блюменің айтуынша, Volkswagen Group қызметкерлерінің саны бәсекелестермен салыстырғанда шамамен 20%-ға көп. Сондықтан олармен тең деңгейге жету үшін 2024 жылы іске қосылған шығындарды қысқарту жоспары аясында көзделген қысқартуларға қоса тағы шамамен 50 мың жұмыс орнын қысқарту қажет болуы мүмкін.
— Компаниядағы қызметкерлер саны ондаған жыл бойы үздіксіз өсіп, бүгінде экономикалық тұрғыдан тиімсіз деңгейге жетті, — деді Оливер Блюме.
Оның айтуынша, мұндай шешімге нарықтағы өзгерістер мен компанияның бақылауынан тыс факторлар себеп болып отыр. Бұл факторлардың қаржылық әсері ондаған миллиард еуромен есептеледі.
Өткен аптада Volkswagen Group бизнесін дамыту жоспарын таныстырды. Құжатқа сәйкес, компания шығарылатын автокөлік модельдерінің қатарын шамамен 50%-ға қысқартуды көздеп отыр.
Сонымен қатар автоконцерн өндірістік қуаттарды қазіргі нарық талаптарына және күшейіп келе жатқан бәсекелестікке бейімдеу үшін оңтайландыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Volkswagen Қытай мен Еуропадағы өндірістік қуаттарын қысқартпақ.
Бұған дейін Volkswagen компаниясының Познань қаласындағы Вжесня зауыты күн электр станциясындағы шөпті шабу үшін 100 қойды «жұмысқа қабылдағаны» айтылды.