Волонтер болу оқуға түсуге немесе жұмысқа орналасуға көмектесе ме – депутат жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жоғары оқу орынына түсу және мемлекеттік қызметке орналасу кезінде еріктілік (волонтерлік) қызмет есеп алынуы керек. Мұны Мәжіліс депутаты Вера Ким BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Депутаттың сөзінше, еріктілік қызметті еңбек өтілі ретінде есепке алу мәселесі жан-жақты пысықтауы шарт.
– Еріктілік қызметтің нақты жұмыс кестесі болмайды: ерікті жылына бірнеше сағат немесе тұрақты жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан оны еңбек өтілімен тікелей теңестіру мүмкін емес. Еріктілердің қоғамға қосқан үлесін бағалау үшін арнайы көрсеткіш қажет. Егер бұл фактор ЖОО-ға оқуға түсу кезенде немесе жұмысқа орналасу кезінде ықпал ететін болса, онда мұндай өзгеріс шешуші рөл атқаратыны сөзсіз, – деді Вера Ким.
Сондай-ақ Вера Ким мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде волонтерлік тәжірибені ескеру керегін ашып айтты.
– Әрине, бірінші кезекте азаматтық және мемлекеттік қызмет салаларына басымдық беріледі. Бұл саладағылар – ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтар. Еріктілер де мемлекетінің игілігі жолында қызмет атқарады. Сондықтан, менің ойымша, еріктілік ісі мемлекеттік қызметке орналасу кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс», – деді депутат.
Айта кетейік, кейінгі жылдары волонтерлік саланы цифрландыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Биыл қаңтарда өткен Еріктілер форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктінің цифрлық төлқұжатын енгізу бастамасын қолдады.
– Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін қазақстандықтардың үштен екісі қайырымдылық шараларына атсалысатынын жаздық.