Волонтерлердің жұмысына теріс көзқарас қалыптасып жатыр —Досымбетов

АСТАНА. KAZINFORM — Волонтерлер адамдарға қаржылай емес, өз қолымен, физикалық тұрғыдан көмек көрсетіп жатыр. Соңғы уақытта қоғамдағы волонтерлердің қызметіне қатысты ойымен Ұлттық волонтерлер фронт-кеңсесінің жетекшісі Айбек Досымбетов BIZDIÑ ORTA подкастында бөлісті.

Айбек Досымбетов
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Қазір қоғамда волонтердің барлығына қара күйе жағылып жатыр десек болады, болмаса волонтерлердің ішкі, шын ниетімен жасап жатқан жұмысына қоғамда бір теріс көзқарас қалыптасып жатыр. Біз волонтерлер осымен келіспейміз. Өйткені, кез келген қорды алсақ, қаржыға келіп тіреледі, қаржылай көмек беретіндер, ал волонтер өз қолымен, физикалық тұрғыдан көмек көрсетеді. Жаңағы 16 топтың ішінде Pro-bono деген көмек бар, мысалы, дәрігерлер 11 жыл оқып маман атанады ғой, сол өз саласы бойынша көмек көрсететіндер Pro-bono волонтерлер. Мысалы, сіздер журналистер осы саланы оқып жатқан студенттерге барып тегін дәріс берсеңіз, сіздер мысалы 2 сағатыңызды қиып волонтерлік қызмет көрсеттіңіз, — деді Айбек Досымбетов әңгіме барысында.

Оның айтуынша, волонтерлік пен қайырымдылық жасаудың аражігі бар. 

— Бұл барлық жерде егіз ұғым ретінде жүреді. Қаржы ұйымдары қаржы бөледі, сол бөлінген қаржыға алынған азық-түлік, баспана алып беріп жатыр. Бұның барлығы волонтерлердің жұмысының күшімен, халықтың қаржысымен бір жанұяға барып, көмегін беріп жатады. Осы жағдайда барлығы бірдей волонтер болып кеткен, қайырымды жандар да волонтер болып кете береді. Осы жерде ашып айтқым келеді, волонтерлердің алаяқтыққа, басқа да қылмыстық әрекетке баруына жол жоқ. Волонтерлердің қызметі ақшамен байланысты емес. Неге қазір волонтер деген сөзді жиі қолданып кетті?! 2020 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен волонтер жылы болып жарияланды. Сол кезде пандемия келіп, волонтерлер батырлардың кейпін қалыптастырды. Қоғамда волонтер туралы артық ойлау, сөгу, ғайбат сөз айту деген халықта ешқандай ой болған жоқ, — дейді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, BIZDIÑ ORTA подкастында қайырымдылық жасау мәселесі сөз болды. Сұхбат қонақтарының бірі «Асар-Үме» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев қайырымдылық қор қызметінің қазіргі хәлін сөз етті.

Соңғы жаңалықтар