«Востокцветмет» пен «Қазцинктегі» апат бойынша тергеу жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өндірістік апаттардың туындау қаупі мен соның салдарынан болатын адам өлімін азайту шаралары туралы баяндады.
Атап айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары нығайтылып, өндірістік бақылауға, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттауға қойылатын талаптар күшейтілді, тозған жабдықты уақытылы жаңарту жоспарын келісу міндеті белгіленген.
– Еліміздің қауіпті өндірістік орындардағы адам өлімі 3 есеге, жарақат алу 25%-ға азайды. Жыл басынан бері 5 айда бақылаудағы объектілерде 43 оқиға мен 12 авария тіркелді, оның ішіндегі 10-ы бойынша тергеу жүргізілді, – деді Ш. Әрінов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, министр жұмысшылар қаза болған «Востокцветмет» шахтасында және «Қазцинк» зауытында орын алған екі ірі авария бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты. Бейінді сарапшылардың қатысуымен тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалды.
– Алдын ала болжам бойынша «Востокцветмет» шахтасында орын алған аварияға, тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттама талаптарын бұзып жүргізу және жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған. Ал Қазцинк зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан орын алды деген болжам бар, – деді сала министрі.
Бұған дейін осы объектілерде техникалық құжаттамаларға
сай келмеу, техникалық құрылғылардың мерзімін ұзарту сараптамаларының болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ тозған жабдықты уақытылы ауыстырмау сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталған.
Тергеу аяқталған соң кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданады.
Айта кетейік, бүгін Үкімет жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселесін қарастырып жатыр.