World Boxing: Азия чемпионатында қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық төрт боксшының алдағы қарсыластары анықталды. 

World Boxing: Азия чемпионатында қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды
Фото: ҚБФ

Құрлықтық додада 3 сәуірде ширек финалда әлем чемпионы Төрехан Сабырхан (70 келі) тәжікстандық Шамшиер Саидовпен қолғап түйістіреді. Тәжікстандық спортшы 2023 жылы «Елорда кубогында» Елнұр Сүйінбай, Темірхан Тезек, Нұрқадам Әбдіреш сынды қазақ боксшыларынан басым түсіп, жеңімпаз атанған еді.

Сондай-ақ сол күні кешкі сессияда 2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (55 келі) жарыс жолын бастайды. 

Оның қарсыласы — жастар арасында әлем чемпионы атанған өзбекстандық Шахзод Мұзафаров. Қос боксшы бұған дейін Азия чемпионаты мен «Елорда кубогында» 3 мәрте жолығып, барлығында отандасымыз басым түсті.

Ал әлем чемпионы Айбек Оралбай (90 келі) өзбекстандық Арман Махановпен шаршы алаңға шығады. Арман іріктеу кезеңінде моңғолиялық қазақ Бекнұр Қалиды қапы қалдырды.

Айбек пен Арманның жекпе-жегі 4 сәуірге белгіленген. Жеңімпаз жартылай финалға жолдама алады. Екеуі әзірге бір-бірімен шаршы алаңда кездесіп көрген емес.

Еске салсақ, бұдан бұрын 2026 жылғы Азия чемпионатында қай елдің спортшылары ширек финалға шыққаны белгілі болды.