WTA қорытынды турнирі: Елена Рыбакина әлемнің 4-ракеткасын ойсырата жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирін айқын жеңіспен бастады.

Елена Рыбакина
Фото: Sports.kz

Әлемнің ең үздік сегіз теннисшісі қатысатын айтулы жарыста қазақстандық теннисші Серена Уильямс тобында алғашқы матчын әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовамен өткізді.

Рыбакина бәсекені сәтті бастады – 2:0. Содан соң сетті тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3. 
Екінші партияда Елена 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.

Небәрі 57 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Анисимова 2 эйспен шектелді.

Қазақстандық спортшымен бір топта өнер көрсететін әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек бастапқы ойынында рейтингіде 7-орындағы америкалық Мэдисон Кизді ойсырата жеңді – 6:1, 6:2. 

Рыбакина келесі кездесуін 3 қараша күні Швентекпен өткізеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирін ұта ала ма, сол туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар