WTA қорытынды турнирі: Елена Рыбакинаның қарсыластары белгілі болды

Канкунда (Мексика) WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды Kazinform.Аталмыш жарысқа Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет қатыспақ.

Рыбакина
Фото: ҚТФ

Жеребе қорытындысы бойынша Е.Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко, америкалық Джессика Пегула (5) және грекиялық Мария Саккаримен (9) бір топқа түсті.

Екінші топта Ига Швентек (2), Кори Гауфф (3), Онс Жабер (7) және Маркета Вондроушова (6) ойнайды.

Әр топтан екі үздік теннисші жартылай финалға жолдама алады.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін 29 қазан күні таңмен Д.Пегуламен өткізеді. Екеуі бұған дейін үш рет шеберлік байқасып, екеуінде америкалық спортшы жеңіске жеткен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының капитаны Ярослава Шведованың өткен жылғы нәтижені жақсарту керектігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бубликтің Париж мастерс турниріндегі қарсыласы анықталды.

Соңғы жаңалықтар